eGov Mobile мобильді қосымшасында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған әлеуметтік көмек рәсімдеу сервисі іске қосылды. Бұған дейін аталған қызмет тек eGov.kz порталында ұсынылатын. Енді пайдаланушылар өтінішті смартфон арқылы жолдай алады.
Қызметті пайдалану алгоритмі қарапайым:
- eGov Mobile қосымшасына кіріп, «eGov мемлекеттік қызметтер» → «Арнайы қызметтер» бөліміне өту;
- «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» сервисін таңдау және қажетті мәліметтерді енгізу;
- қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен өтінішті растау;
- нәтижесін «Қызметтер тарихы» бөлімінен бақылау.
Өтініш уәкілетті органда қаралады. Шешім қабылдау кезінде отбасының табыс деңгейі мен өзге де бекітілген критерийлер ескеріледі. Қарау мерзімі – 8 жұмыс күніне дейін. Осы уақыт аралығында өтініш иесіне әлеуметтік көмектің тағайындалғаны немесе бас тарту туралы жауап жіберіледі.
Әлеуметтік көмек – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті атқарушы органдар ұсынатын ақшалай төлем не материалдық қолдау. Мәслихат шешімі негізінде мұндай қолдау қосымша көмекке мұқтаж азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулары бар адамдарға, өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын қарттарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғаларға және табысы төмен отбасыларға көрсетіледі.
