Алматыда Өңірлік коммуникациялар қызметі мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара барысында журналистерге құтқару бөлімшелерінің соңғы екі жылдағы жұмысы және азаматтық қорғау жүйесіндегі жаңашылдықтар таныстырылды.
Мамандардың айтуынша, бүгінде халықты оқыту, цифрландыру, инфрақұрылымды жаңарту және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету бағыттарына басымдық беріліп отыр. ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қуаныш Оспанов тұрғындарды түрлі қауіп-қатерге даярлау негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Осы мақсатта өткен жылы Алматыда азаматтық қорғау саласы бойынша жаңа оқу орталығы ашылды. Орталық Райымбек даңғылы бойында орналасқан және мемлекеттік органдар қызметкерлері мен ұйым мамандарына арналған сабақтар өткізеді. Оқу курстары екі-үш күнге созылады, қорытындысында қатысушылар тестілеуден өтіп, сертификат алады.
Стационарлық сабақтармен қатар, көшпелі дәрістер, мектептер мен балабақшалардағы интерактивті тренингтер тұрақты түрде жүргізіледі. Департамент өкілдері қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыру маңызды екенін айтады.
Төтенше жағдайлар саласын цифрландыру аясында «ТЖ Алматы» мобильді қосымшасы іске қосылған. Қосымша арқылы тұрғындар жедел ақпарат, ауа райы болжамы, қауіпсіздік жадынамалары және эвакуациялық пункттердің картасына қол жеткізе алады.
Баспасөз туры кезінде журналистер Жоспарлау және жедел басқару орталығының жұмысымен де танысты. Мұнда 112 және 101 желілері тәулік бойы қызмет көрсетеді. Орталыққа күніне үш мыңнан астам қоңырау түседі, олардың бір бөлігі басқа шұғыл қызметтерге бағытталады.
Орталық заманауи цифрлық жүйелермен және қалалық бейнебақылау камераларына қосылған бейнеқабырғамен жабдықталған. Бұл төтенше жағдай туындаған сәтте жағдайды жедел бағалап, қажетті ресурстарды тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
ТЖД өкілдері сейсмикалық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Мамандар жер сілкінісі кезінде ашық алаңдарға шығуды, ал ғимарат ішінде болған жағдайда терезе мен ауыр жиһаздан алшақ тұруды ұсынады.
Сондай-ақ Алматы маңында тіркелген жер сілкінісі кезінде дабыл жүйесінің қосылмау себебі түсіндірілді. Ведомство мәліметінше, дүмпудің күші қалада төмен деңгейде сезілгендіктен, дабыл берілмеген.
Мамандар табиғи апаттарды алдын ала болжау қиын болғанымен, тұрғындарды ақпараттандыру және дайындық шаралары тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті. Қажет болған жағдайда шұғыл хабарлау жүйесі теле-радио эфирін үзіп, тұрғындарға жедел нұсқаулықтар жеткізуге мүмкіндік береді.
