Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамТехнология

ХҚКО-ларда дайын құжаттарды постамат арқылы тәулік бойы алуға болады

Азаматтар енді дайын құжаттарын Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚКО) постамат сервистері арқылы кез келген ыңғайлы уақытта ала алады. Бұл қызмет тәулік бойы жұмыс істейді және мереке мен демалыс күндері де қолжетімді.

Постамат құрылғылары жаңартылған ХҚКО ғимараттарындағы тәулік бойы ашық аймақтарға орналастырылған. Құжат дайын болған жағдайда, өтініш иесі орталық мамандарына жүгінбей-ақ, оны жеке ұяшықтан өз бетінше алып кете алады.

Қызметті пайдалану үшін өтініш беру кезінде дайын құжатты алу тәсілі ретінде постамат нұсқасын таңдау қажет. Құжат құрылғыға салынған соң, азаматтың тіркелген телефон нөміріне арнайы код көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Ұяшықты ашу үшін осы код енгізіліп, қосымша биометриялық сәйкестендіру рәсімінен өту қарастырылған.

Дайын құжат постаматта үш күн бойы сақталады. Белгіленген мерзімде алынбаған жағдайда, құжат ХҚКО арқылы стандартты тәртіппен беріледі.

Қазіргі уақытта постаматтар еліміздің 10 өңірінде орнатылған. Барлығы 14 құрылғы жұмыс істеп тұр. Олар мемлекеттік қызметтердің 19 түрі бойынша нәтижелерді беруге мүмкіндік береді. 2026 жылы бұл сервистің құны 518 теңге болып белгіленген.

Статистикаға сәйкес, 2025 жылы постамат қызметіне ең жоғары сұраныс Семей, Тараз және Түркістан қалаларында тіркелген.