Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда сумо спорты бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлды қабылдады.
Кездесу барысында Президент спортшыны былтыр Император кубогы жарысында «маэгашира» дәрежесін иеленуімен және «Канто-се» («жауынгерлік рух») арнайы жүлдесін алуымен құттықтады. Мемлекет басшысы бұл жетістіктер спортшының табандылығы мен жүйелі еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Президент сондай-ақ халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген қазақстандық жастардың қатары артып келе жатқанын айтып, мемлекет тарапынан спорт пен таланттарды қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға жасаған сапары кезінде Ерсін Балтағұлдың жергілікті қоғам арасында кеңінен танылғанына назар аударды.
«– Жапонияда сізді көпшілік жақсы біледі және құрметтейді. Бұл – үлкен жетістік әрі зор мәртебе. Шетелде жүріп, Қазақстанның абыройын асқақтатып келесіз. Сізге ризашылығымды білдіремін,» – деді Президент.
Өз кезегінде Ерсін Балтағұл Мемлекет басшысына ілтипат көрсеткені үшін алғыс айтып, алдағы уақытта қазақстандық жас спортшылармен кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Спортшының айтуынша, оның басты мақсаты – Қазақстанды сумо спортының отаны саналатын Жапонияда кеңінен таныту.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы балуанға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, халықаралық додаларда жоғары нәтижелерге жете беруіне ниеттестік білдірді.
Президент Ерсін Балтағұлды спорт саласындағы жетістіктері үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
