Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамСаясат

Халықтық Конституцияны қолдау коалициясының ресми сайты жұмысын бастады

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясын қолдау» жалпыұлттық коалициясының ресми интернет-ресурсы іске қосылды. Жаңа платформа алдағы референдум мен Конституция жобасына қатысты ақпарат ұсынуға бағытталған.

referendum2026.kz сайтында Негізгі заң жобасының толық мәтіні орналастырылған. Сонымен қатар, ресурс беттерінде сараптамалық материалдар, мамандардың пікірлері және Коалиция қызметіне қатысты жаңалықтар тұрақты түрде жарияланады.

Сайт құрылымы қолданушыларға қажетті мәліметті тез табуға және дауыс беру үдерісіне байланысты өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алуға ыңғайлы етіп жасалған.

Платформаны әзірлеу барысында ақпараттың қолжетімділігіне ерекше назар аударылған. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған бейімделген нұсқа, сондай-ақ бет параметрлерін жеке баптау мүмкіндігі қарастырылған.

Түсіндіру сипатындағы контентпен қатар, сайтта Конституцияның маңызы мен оның қоғам өміріндегі рөлі туралы тақырыптық мақалалар, бейнематериалдар және интерактивті форматтар ұсынылған.

Жаңа ресурс реформалардың мазмұнын жан-жақты түсінуге және саналы таңдау жасауға ниетті азаматтарға сенімді ақпарат көзі болуды мақсат етеді.

Аталған платформаның іске қосылуы Коалицияның жүйелі жұмысының жалғасы саналады. Бірлестік құрамына саяси партиялар өкілдері мен көптеген қоғамдық ұйымдар енген. Қазіргі уақытта ұйым қызметі елдің барлық өңірінде жүргізіліп, Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесулер мен ашық диалог алаңдары ұйымдастырылуда.