Rasmedia.kz
ЖаңалықтарМәдениетРуханият

Мұқағали мұрасы ұлықталды: Алматыда әдеби-поэтикалық кездесу ұйымдастырылды

Алматы қаласында қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, ақын әрі аудармашы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған әдеби-поэтикалық кездесу өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен «Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» атты мәдени шара ұйымдастырылды. 

Тағылымды жиынға Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақыткүл Айдарова, сондай-ақ әдебиет пен мәдениет саласының белгілі өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып, жазушылар мен публицистер, ғалым-зерттеушілер, жастар және мектеп оқушылары болды.

Кеш аясында «Мұқағали – мәңгілік жырдың жұлдызы» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда ақынның шығармалары, ғылыми зерттеулер, естеліктер мен түрлі басылымдар қойылды. Сонымен бірге қатысушыларға Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған арнайы бейнематериал көрсетілді.

Іс-шара барысында сөз алған Данияр Әлиев мерейтой иесін құттықтап, ақын мұрасының қазақ руханиятындағы айрықша орнын атап өтті. Оның айтуынша, Мұқағали поэзиясы – ұлттық сөз өнерінің биік белесі, ал ақын есімі халық жадында мәңгі сақталады.

Жиынға арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақынның туысы Мұхтархан Қалиұлы жүрекжарды өлеңін оқып, кітапхана қорына кітаптар тарту етті. Кеш көркін дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман мен домбырашы Нұржан Жанпейісовтің орындауындағы ақын сөзіне жазылған әндер аша түсті.

Сонымен қатар Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері «Жас өмір, саған өкпем жоқ» атты сахналық қойылым ұсынып, көрермен ықыласына бөленді. Ал Қарасаз ауылындағы мектеп-гимназия мен №140 мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби кештің мазмұнын тереңдете түсті. Белсенді шәкірттерге Мәдениет басқармасы атынан алғыс хаттар табысталды.

Өз кезегінде Жұлдыз Мақатаев әулет атынан ризашылығын білдіріп, Мұқағали поэзиясының ұлт рухымен бірге жасай беретінін жеткізді. Кездесу соңында ұйымдастырушылар мұндай рухани шаралар ақын мұрасын кеңінен насихаттауға серпін беретінін атап өтті.

Мәдени басқосу Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық әлеміне деген құрметтің айқын көрінісі болып, ақын мұрасын дәріптеу бағытындағы игі дәстүрдің жалғасы ретінде бағаланды.