Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамЭкономика

Президент тапсырмалары: Түркістан өңіріндегі даму қарқыны

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық нәтижелері сараланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Маңызды мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Кеңейтілген отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің өткен жылдағы қызметі туралы есеп берді. Сонымен қатар экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестициялық саясатты жетілдіру, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, әлеуметтік саланы қолдау және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде конституциялық реформаларды жүйелі жүзеге асыру, экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, адами капиталды дамыту және инфляцияны тұрақтандыру бағыттарының маңызын атап өтті. Сондай-ақ цифрлық шешімдерді кеңінен қолдану, жасанды интеллект әлеуетін тиімді пайдалану, Салық кодексін түсінікті әрі сапалы енгізу, өңірлік бюджеттік жоспарлауды жетілдіру және инфрақұрылымды жаңғырту міндеттері белгіленді.

Президент жүктеген басым бағыттар аясында Түркістан облысында бірқатар жүйелі жобалар жүзеге асырылып келеді. Энергетика саласында өңірдің қуат көздерін арттыруға бағытталған ірі бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, қуаттылығы 1 000 мегаваттық бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге «China Energy» компаниясымен бірлесіп, 300 мегаваттық күн электр станциясын салу басталды. Биыл 240 мегаваттық газ-турбиналы электр станциясының құрылысы да қолға алынды.

Өңірде өндірістік әлеуетті күшейту мақсатында фосфорит, күкірт қышқылы және аффинаж зауыттарын салу жобалары іске асырылуда. Көліктік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Жол сапасын жақсарту бағытында 821 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызға жетті. Сонымен қатар Түлкібас, Арыс-2, Сарыағаш, Манкент және Темір станцияларындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары басталды.

Қоғамдық көлік жүйесін жаңарту аясында облыс орталығына 76 жаңа автобус жеткізілді, оның ішінде электробустар да бар. Былтыр барлық елді мекендер толық ауыз сумен қамтамасыз етілді. Газбен қамту деңгейі 88,9 пайызға жетті.

Президент пен Үкіметтің қолдауымен Кентау жылу-энерго орталығын жаңғырту жобасы жүзеге асырылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Әлеуметтік салада тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары жалғасып, кезекте тұрған азаматтарға 3 733 жаңа пәтер табысталды.

Цифрлық трансформация мен адами капиталды дамыту бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылып, қазіргі таңда студенттер білім алуда.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде өңірде жаңа білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған мектептер іске қосылып, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы бойынша медициналық нысандар салынды. Сонымен қатар жаңа перинаталдық және «Ана мен бала» орталықтарының құрылысы басталды. Сарыағашта көпбейінді аурухана бой көтеруде. Медициналық мекемелер жедел жәрдем көліктерімен толықтырылды.

Түркістан облысында инфрақұрылымды жетілдіру, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрландыруды дамыту және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.