Rasmedia.kz
ЖаңалықтарСпорт

Испаниядағы турнир: Қазақстан құрамасының еншісінде алты алтын

Қазақстан бокс құрамасы Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Boxam Elite-2026 халықаралық турнирінде табысты өнер көрсетіп, алты алтын медаль еншіледі.

Жарыстың финалдық кезеңінде ел намысын қорғаған 11 боксшы чемпиондық атақ үшін шаршы алаңға шықты. Нәтижесінде Санжар Ташкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) және Умида Садықова (80 келіден жоғары) алтын жүлдеге қол жеткізді.

Ал Нұрзат Оңғаров (50 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Назерке Серік (65 келі) және Панар Сейітханқызы (80 келіден жоғары) күміс медальмен марапатталды.

Бұл турнир Қазақстан ерлер құрамасы үшін бас бапкер Нұржан Насанов жетекшілігіндегі алғашқы халықаралық жарыс болды. Ол биыл жыл басында Қайрат Сәтжановтың орнына тағайындалған еді.

Бас бапкер бұған дейін Boxam Elite турнирінің маңыздылығына тоқталып, жарыс тәжірибесінің қажеттігін атап өткен болатын.

— Жыл басында боксшылардың біраз уақыт ресми жекпе-жектерге шықпай қалатыны белгілі. Сондықтан бұл кезеңде жарыс тәжірибесі ерекше маңызды, — деді Нұржан Насанов.

Алдағы уақытта ұлттық құрама екі құраммен Болгарияда өтетін Странджа турниріне қатысуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар қазақстандық боксшыларды 28 наурыз бен 1 сәуір аралығында Моңғолияда өтетін World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы құрлықтық біріншілігі күтіп тұр.