Rasmedia.kz
ҚоғамТехнология

Алматыда жол қауіпсіздігін бақылау күшейтіледі: 350 жаңа «Сергек» орнатылады

Алматы қаласында 1 наурызға дейін тағы 350 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін орнату көзделіп отыр. Бұл туралы Алматы қалалық цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков хабарлады.

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта қала аумағында жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға арналған 1 641 бейнебақылау кешені жұмыс істеп тұр.

– 1 наурызға дейін қосымша 350 «Сергек» кешенін іске қосу жоспарланған, – деді спикер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Сондай-ақ Алматыда жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері, оқиғаларды автоматты түрде анықтау технологиялары мен цифрлық хабарлау тетіктері кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда барлық мектептер, балабақшалар және денсаулық сақтау нысандары қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтылған.

Қаланың бірыңғай бейнемониторинг жүйесі де айтарлықтай кеңейген. 2023 жылы қалада шамамен 18 мың камера тіркелсе, бүгінде олардың саны 65 мыңға жетті.

2026–2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, жеке меншік бейнекамераларды қаланың бірыңғай жүйесіне қосу, 2026 жылы камералар санын 100 мыңға дейін жеткізу, жаңа бейнеталдау түрлерін енгізу, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қарашаға дейін «112» бірыңғай жедел басқару орталығын құру көзделіп отыр.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматыда 1 641 «Сергек» кешені жұмыс істейді. Оның құрамына 9 152 бейнекамера кіреді. Сонымен қатар 2025 жылғы ақпан айынан бастап бейнебақылау жүйелері көлік құралдарын тұраққа қою ережелерінің бұзылуын, оның ішінде екінші қатарға қою деректерін де тіркей бастады.