Италияның Милан қаласында XXV Қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды. Биыл Қысқы Олимпиада тарихында алғаш рет Олимпиада алауы екі қалада бір мезетте жағылды.
Негізгі алау Милан қаласындағы Триумф аркасында тұтанса, екінші алау Кортина-д’Ампеццо қаласындағы Пьяцца ди Бонада алаңында жағылды. Бұл шешім Олимпиаданың ауқымын айқындай отырып, әр спортшы мен көрерменге үлкен спорт мерекесінің бір бөлшегі екенін сезінуге мүмкіндік берді. Ашылу рәсімі «Armonia» («Гармония») атауымен өтті.

Салтанатты бағдарлама аясында ұлттық құрамалардың шеруі де тың форматта ұйымдастырылды. Қазақстанның Мемлекеттік Туын шорт-тректен Денис Никиша Миландағы негізгі сахнада алып шықса, фристайл-могулдан Аяулым Әміренова шаңғы жарыстары өтетін Ливиньо алаңында желбіретті. Осылайша, ту көтеру рәсімі бір уақытта екі қалада өтті.
Милан–Кортина Қысқы Олимпиадасында Қазақстан атынан 10 спорт түрі бойынша 36 спортшы бақ сынайды. Оның 18-і ерлер, 18-і әйелдер құрамасында. Жалпы алғанда, ойындарға 93 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
