Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарҚоғам

Сарыағаш қаласында ірі заманауи медициналық кешен бой көтереді

Сарыағаш қаласында 300 төсек-орынға арналған заманауи көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның өңір үшін маңызын атап өтті. Аса маңызды әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Жаңа медициналық кешен облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға серпін беріп, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Аурухана Сарыағаш қаласымен қатар Келес, Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт және Шардара аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Бұл аумақта 1 миллионнан астам халық тұрады.

Өңір басшысы өз сөзінде жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, жаңа аурухана халықтың өмір сапасын арттыруға, медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар құрылыс барысында жаңа жұмыс орындары ашылып, білікті медициналық кадрларды тартуға жағдай жасалатынын жеткізді.

Аурухана 300 төсек-орынға есептелген және үш негізгі блоктан тұрады. Хирургиялық блокта 50 төсек-орын қарастырылған (нейрохирургия, офтальмология, ЛОР, травматология). Терапиялық блокта 100 төсек-орын болады (неврология, инсульт орталығы, кардиология, интервенциялық кардиология). Перинаталдық блок 150 төсек-орынға арналған және ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмекті қамтиды. Медициналық кешен заманауи жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылады.

Нысан 10,4 гектар аумақта орналасады. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 70 мың шаршы метрден асады. Жобаның жалпы құны – 74,5 млрд теңге. Құрылысты 2027 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Мердігер ұйым – «ASPAN HOLDINGS» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Строй-Проф» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Engineering center ltd» ЖШС.

Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен жылы өңірде 40-қа жуық медициналық нысан пайдалануға берілсе, оның алтауы Сарыағаш ауданында іске қосылған. Сонымен қатар шалғай ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі артты.