Алматыда демалыс күндері ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің саны едәуір артады.
Қала билігінің мәліметінше, жәрмеңкелерді ұйымдастырумен «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ айналысады. 2025 жылы Алматының Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу және Медеу аудандарында барлығы 430 жәрмеңке өткен. Ал биыл бұл көрсеткішті 2,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2026 жылдың соңына дейін қала аумағында 1000-нан астам жәрмеңке ұйымдастырылады.
Сонымен қатар биыл Алматыда кеңейтілген форматтағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу көзделген. Оған Түркістан, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының фермерлері, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген ауыл шаруашылығы өндірушілері қатысады. Әкімдік жаңа піскен көкөніс пен маусымдық өнімдерді жеткізуге ерекше басымдық берілетінін атап өтті.
Демалыс күндері өтетін жәрмеңкелердің тұрақты мекенжайлары:
- Алмалы ауданы — Масаншы көшесі (Гоголь мен Әйтеке би көшелерінің аралығы);
- Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі (Абай даңғылынан төмен);
- Бостандық ауданы — «Қазақфильм» шағын ауданы, Исиналиев көшесі;
- Жетісу ауданы — «Құлагер» шағын ауданы, ХҚКО мен әкімдік ғимараты арасындағы автотұрақ;
- Медеу ауданы — Меңдіқұлов бульвары (Бектұров көшесінің қиылысы).
Айта кетейік, бұған дейін Әуезов пен Бостандық аудандарындағы жәрмеңкелер үш күндік жұмыс форматына көшкен болатын.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жәрмеңкелерді кеңейту – Алматыда азық-түлік инфрақұрылымын дамытуға және отандық фермерлерді қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Жәрмеңкелерде қала тұрғындары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден тікелей, делдалсыз және қолжетімді бағамен сатып ала алады.
