Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шарифтің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген форматта өтті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келгенін атап өтіп, бұл сапардың тарихи маңызға ие екенін айтты. Президент Исламабадқа келуді Пәкістанның бай тарихымен, мәдени мұрасымен және сан ғасырлық дәстүрлерімен жақын танысуға берілген үлкен мүмкіндік ретінде бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Пәкістан халықтарын Ұлы Жібек жолы мен ислам өркениеті аясында қалыптасқан терең тарихи байланыстар біріктіреді. Мемлекет басшысы бұл сапардың екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келуінің де символдық мәні бар екенін атап өтті. Президент Пәкістанды Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде бағалады.
Келіссөз барысында тараптар бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияның маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл құжат екіжақты ықпалдастықтың жаңа кезеңін айқындайтын маңызды тарихи белес болмақ.
Президент Астана мен Исламабадтың сауда-экономикалық, инвестициялық және өзге де басым бағыттардағы ынтымақтастықты тереңдетуге мол мүмкіндікке ие екенін жеткізді. Осы мақсатта Қазақстан Президенті Пәкістанға ауқымды делегациямен және нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті.
Кездесуде көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа айрықша назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын маңызды транзиттік торапта орналасқанын айтып, Орталық Азия елдерімен үйлесімді әрекет ете отырып, көлік бағыттарын ұштастыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ бүгінгі уағдаластықтарды іске асыру және екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың алдағы қадамдарын нақтылау үшін мәртебелі мейманды биыл қарсы алуға дайын екенін жеткізді.
Тараптар Қазақстан мен Пәкістанның көпжақты форматтағы өзара іс-қимылының маңызын да атап өтті. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және өзге де халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастықты жалғастыру қажеттігі айтылды.
Өз кезегінде Шахбаз Шариф Қазақстан Президентін Исламабадта жылы қабылдап, сапар үшін алғысын білдірді. Премьер-министр Қазақстанды Пәкістанның стратегиялық серіктесі ретінде атап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты экономика, саясат, қорғаныс, сауда дәліздерін дамыту бағыттарында тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы серіктестікті кеңейтуге зор әлеует бар екенін айтып, екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін атап өтті.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф Қазақстан мен Пәкістан халықтарының игілігі жолында сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.
