Шорт-тректен юниорлар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жүлдегерлер қатарына енді. Байрақты бәсеке АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтіп жатыр.
Әлем біріншілігінің финалында қазақстандық спортшы қыздар 3000 метрлік эстафетада сынға түсіп, жоғары нәтиже көрсетті. Жоғары жылдамдық пен дәл тактиканы талап ететін жарыста отандастарымыз әлемнің мықты командаларымен тең дәрежеде бақ сынап, мәреге үздік үштік қатарында жетті.
Қазақстан намысын жарыста Полина Омельчук, Нурия Алпысбай, Гүлдана Жалмұхан және Анастасия Галечина қорғады. Командалық үйлесім мен табандылықтың арқасында қазақстандық арулар қола жүлдені қанжығасына байлады.
Финалдық кезең қорытындысы бойынша алтын медаль Оңтүстік Корея құрамасына, күміс жүлде Қытай спортшыларына бұйырды. Ал Қазақстан құрамасы құрмет тұғырының үшінші сатысынан көрінді.
Бұл нәтиже отандық шорт-трек мектебінің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетті. Жас спортшылардың әлем чемпионатында жүлде алуы – қазақ спортының болашағынан зор үміт күттіретін жетістік.
