Қазақстанда энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылы салада ірі жөндеу науқандары жүргізіліп, Ұлттық жоба аясында бірқатар стратегиялық бастамалар жүзеге асырылады.
Қабылданған шаралар еліміздің барлық өңірінде жылу мен электр энергиясын тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Ведомство дерегінше, энергия нысандарын жаңғырту олардың жұмыс тиімділігін арттырып, тұрғындар мен кәсіпорындарды үздіксіз энергиямен қамтуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, биыл республика бойынша 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбинаға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде жылу электр орталықтарының тозу көрсеткіші 61 пайыздан 59 пайызға дейін төмендейді. Жөндеу шараларын жоспарлы әрі кешенді түрде іске асыру стансалардың сенімділігін арттырып, оларды жоғары тәуекел санатынан («қызыл аймақ») біртіндеп шығаруға жағдай жасайды.
Энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Бес жылға есептелген бағдарлама инженерлік инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңартуды көздейді.
Жоба аясында алдағы бес жылда 1,6 мың шақырым жылу желісі мен 78 мың шақырым электр желісі жаңартылады. Бұл 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 52 пайыздан 42 пайызға, ал электр желілерінің ескіруін 74 пайыздан 45 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жалпы қолға алынған шаралар ел экономикасының дамуын және халықтың энергияға деген артып келе жатқан сұранысын ұзақ мерзімді перспективада қамтамасыз ететін орнықты әрі сенімді отын-энергетика кешенін қалыптастыруды мақсат етеді.
