Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамЭкономика

Мемлекет басшысы Алматы әкімімен кездесу өткізді

Алматы қаласының әкімі Мемлекет басшысына қала дамуы туралы баяндады. Президентпен өткен кездесуде Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы кеңінен талқыланды. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызды құраған. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке 6,6 триллион теңге көлемінде салық және өзге де міндетті төлемдер түскен.

Мемлекет басшысына мегаполисті кешенді дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамалар ұсынылды. Атап айтқанда, бірнеше қалалық орталықты қалыптастыру, цифрлық және IT-инфрақұрылымды жетілдіру, көпсалалы іскерлік нысандар салу, сондай-ақ тұрғындардың демалысына арналған аймақтарды абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл кеңістіктер алматылықтар мен қала қонақтары жиі баратын қоғамдық орындарға айналмақ.

Сондай-ақ кездесуде Алматыда заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне баса назар аударылды. Жылдам әрі қолайлы қоғамдық көлік жүйесін енгізу қала ішіндегі қозғалысты жеңілдетіп, орнықты дамудың негізгі тетігі ретінде қарастырылып отыр.

Қала әкімінің мәліметінше, Бас жоспар аясында ауаның табиғи циркуляциясын сақтау, қаланың орталық және жоғарғы бөліктерінде тығыз құрылысқа шектеу қою, сондай-ақ жасыл аймақтардың көлемін үш есеге арттырып, 3 800 гектарға дейін ұлғайту көзделген.

Президентке 2025 жылға дейін қала көшелерін жарықтандыру сапасы едәуір жақсарып, энергия қуаты екі есеге артатыны жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар саябақтарды, көшелерді және қоғамдық кеңістіктерді бірыңғай стандарт негізінде жаңғырту, көгалдандыру және абаттандыру шаралары жүзеге асырылмақ.

Кездесу барысында Алматы тау кластерін дамыту жобасының дайындық кезеңі де таныстырылды. Қазіргі уақытта «Медеу» базалық станциясы арқылы «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын байланыстыруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу аяқталуға жақын. Жоба іске қосылған жағдайда аспалы жолдардың саны 62-ге дейін жетіп, тау шаңғысы трассаларының жалпы ұзындығы 250 шақырымнан асады. Ал демалыс аймақтарының тәуліктік өткізу қабілеті 40 мың адамға дейін ұлғаяды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы қала экономикасын әртараптандыруды күшейту, экологиялық жағдайды жақсарту, көлік және туристік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қалалық ортаның сапасы мен тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.