Түркістан қаласында өтіп жатқан 6–18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы шахматтан Қазақстан чемпионатында түркістандық жас шахматшы Әсия Асылхан классикалық шахмат түрінен ел чемпионы атанды. Тартысты өткен додада ол еліміздің үздік жас шахматшыларын артта қалдырып, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін жолдаманы жеңіп алды.
Жас спортшының бұл жетістігі жүйелі дайындық пен табандылықтың нәтижесі болды. Чемпионат барысында 9 турда тұрақты ойын өрнегін көрсеткен Әсия қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, шеберлігі мен тактикалық ойлау қабілетін дәлелдеді.
Жеңіске жетуде облыс бапкерлерінің бірлескен еңбегі ерекше рөл атқарды. Атап айтқанда, білікті жаттықтырушы Асхат Майкотовтің жетекшілігімен жүргізілген дайындық жұмыстары өз жемісін берді.
Классикалық шахматта топ жарған түркістандық шахматшы алдағы күндері өтетін рапид және блиц санаттарында да өнер көрсетіп, өңір намысын қорғауды жалғастырады.
