Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамЭкономика

Елімізде орташа айлық жалақы 10 пайызға артты

Қазақстанда еңбек нарығына тартылған азаматтардың саны 9,7 миллионнан асты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросы ұсынған 2025 жылдың үшінші тоқсанына арналған деректерге сәйкес, елдегі жұмыс күшінің жалпы саны 9 778 691 адамды құраған. Оның 7 155 420-сы жалдамалы негізде жұмыс істеп жүр.

Ведомствоның ақпаратынша, есепті кезеңде республика бойынша орташа айлық жалақы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10 пайызға артып, 429 368 теңгеге жеткен.

Сонымен бірге медианалық жалақы көрсеткіші 302 584 теңге деңгейінде тіркелді. Бұл ел тұрғындарының тең жартысы осы сомадан төмен, ал қалған бөлігі одан жоғары табыс табатынын білдіреді.

Айта кету керек, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып бекітілген. Бұл деңгей 2026 жылы да сақталып отыр.