Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтар

Келес өңірінде ауыр атлетика спортына арналған жаңа нысан пайдалануға берілді

Келес ауданында ауыр атлетика спортының дамуына серпін беретін жаңа жаттығу залы ашылды. «Keles» спорттық-сауықтыру кешені жанынан бой көтерген бұл нысан жасөспірімдер мен жастардың кәсіби деңгейде спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасайды. Жаттығу залы қазіргі талаптарға сай заманауи спорттық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.

Аталған спорттық жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысының ауыр атлетика федерациясы вице-президенті Самат Ергешбаев демеушілік көрсеткен.

Жаңа залдың салтанатты ашылу рәсіміне Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облысының ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев, федерацияның вице-президенттері, ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл, сондай-ақ 2024 жылы Манама қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрғиса Әділетұлы қатысты.