Rasmedia.kz
БілімРуханият

Тарихи-мәдени мұраны цифрландыру: Түркістан өңіріндегі жүйелі жұмыстар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы ұлттық болмысты сақтау ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен еді. Президент өз сөзінде тарихы мен мәдени мұрасын заманауи цифрлық форматта ұсына алған елдер ғана әлемдік өркениет кеңістігінде өз орнын сақтап, нығайта алатынын жеткізді. Осы тапсырмаларға сәйкес Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраны цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Өңірде тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және кеңінен насихаттау ісінде кітапханалардың орны ерекше. Қазіргі таңда Түркістан облысында 388 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Соның ішінде облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы әдістемелік орталық ретінде айрықша рөл атқарып келеді. Бүгінде облыстағы 349 кітапхана компьютерлік техникамен қамтамасыз етілсе, 217 кітапхана интернет желісіне қосылған. Аудандық және ауылдық кітапханаларды кезең-кезеңімен цифрлық инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жоспарға сай жалғасуда.

Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы қазіргі заман талаптарына сай заманауи технологиялармен жабдықталған. Кітапхана қызметі ИРБИС ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асады. Қазіргі таңда бұл жүйенің дерекқорына 40 мыңнан астам кітап енгізілген. Ал аудандық және қалалық кітапханаларда «Рабис», «Веб-Рабис» және «Мега-Рабис» бағдарламалары тиімді қолданылып келеді.

Сонымен қатар аталған кітапханада ИРБИС-64 бағдарламасы негізінде тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін автоматтандырылған кітап беру және қабылдау терминалы іске қосылған. Бұл жүйе оқырмандарға кітапханашының көмегінсіз қызмет алуға мүмкіндік беріп, уақытты тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Бұдан бөлек, кітапханаға RFID технологиясы енгізілген. Алдағы уақытта кітапхана базасында «Дрон» сыныбын ашу жоспарланып отыр.

Оқырмандар мен келушілердің қызығушылығын арттыру мақсатында «FabLab» сандық шеберханасы тұрақты түрде жұмыс істейді. Мұнда 3D-принтерлер, лазерлік өрнек салу құрылғылары, ірі ағаш кесуге арналған станоктар және қарапайым бұйымдардан бастап күрделі роботтар жасауға мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар биыл Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы Түркістан қаласындағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Жаңа үлгідегі кітапханада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Face-ID жүйесі және оқырман билетін жылдам басып шығаратын арнайы принтер орнатылған. Бұл арқылы кітапханаға келген әрбір бала аты-жөні көрсетілген жеке оқырман билетіне ие болады. Сондай-ақ кітапхана қоры толық тіркеліп, Ирбис бағдарламасы арқылы цифрлық жүйеге көшіру жоспарлануда.

Айта кету керек, бүгінде Түркістан облысындағы 24 музей толықтай компьютерлік техникамен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Ал Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығы кинетикалық, интерактивті, анимациялық және аудиовизуалды технологиялардың көмегімен еліміздегі жоғары технологиялы мәдени нысандардың біріне айналды. Экспозициялық залдарда орнатылған 8 LED экранда арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетіледі. Сонымен қатар әр залда орналасқан 24 сенсорлы LCD панель арқылы келушілер жәдігерлер туралы мәліметті үш тілде ала алады.

Жалпы, цифрлық технологияларды енгізу тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің жаңа мүмкіндіктерін ашып, Түркістан өңірінің рухани әлеуетін кең көлемде танытуға жол ашып отыр.