Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін дамыту және фармацевтика саласындағы ішкі әлеуетті арттыру мақсатында бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, Үкімет отандық фармацевтикалық өндірісті кеңейтуге басымдық беріп отыр.
Осы бағытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар ірі фармацевтикалық компаниялармен инвестициялық келісімдер жасасуға рұқсат алды. Атап айтқанда, «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ жобалары мақұлданды. Аталған бастамаларға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі 173 млрд теңгеге жетеді. Тиісті шешімдер Премьер-министр Олжас Бектеновтің қаулыларымен бекітілді.
Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда Қазақстанда 356 түрлі дәрілік заттың өндірісі жолға қойылады. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы бар дәрілермен бірге онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған препараттар, иммунобиологиялық және вирусқа қарсы дәрілер, сондай-ақ қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын, суық тиюге және микробтарға қарсы өнімдер бар. Фармацевтикалық кәсіпорындар Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында бой көтереді.
Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында «АлтИНФАРМ» компаниясының жаңа зауыты салынбақ. Бұл жобаға 58,5 млрд теңге инвестиция салынады. Кәсіпорында 54 атаулы дәрі-дәрмек өндіріліп, олардың 35-і әлеуметтік маңызы бар препараттар санатына кіреді. Өндіріс онкологиялық және эндокринологиялық ауруларға арналған дәрілерді қамтиды. Зауыт іске қосылғаннан кейін 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаға Sinopharm, Sinovac және Kangtai Biological Technology компаниялары серіктес ретінде қатысады.
Сонымен қатар, «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ Алматы қаласында халықаралық GMP талаптарына сай фармацевтикалық кешен салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 39,2 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 53 түрлі дәрілік зат шығарылады, оның 17-сі әлеуметтік маңызы бар. Кәсіпорын кемінде 200 адамды жұмыспен қамтиды. Стратегиялық серіктес ретінде Nobel İlaç компаниясы тартылған.
Алматы облысында «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС көпсалалы фармацевтикалық кешен құруды көздеп отыр. Бұл жобаға 39 млрд теңге инвестиция салынып, 76 түрлі дәрі-дәрмек өндірісі іске қосылады. Олардың қатарында вирусқа қарсы, II типті қант диабетін және анемияны емдеуге арналған препараттар бар. Кәсіпорын кемінде 150 жаңа жұмыс орнын ашады. Жобаның стратегиялық серіктесі – Abdi Ibrahim.
Ал «МСП-РОМФАРМ» ЖШС Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында және Алматы облысындағы өндірістік алаңдарда жоғары технологиялы фармацевтикалық зауыттар салуды жоспарлап отыр. Жалпы инвестиция көлемі 36,7 млрд теңге. Бұл кәсіпорындарда ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге және микробтарға қарсы дәрілерді қоса алғанда, 101 түрлі өнім шығару көзделген. Жоба аясында шамамен 265 жұмыс орны ашылады. Серіктестер қатарында World Medicine және Rompharm компаниялары бар.
Жалпы алғанда, іске асырылатын төрт ірі жоба ел бойынша 675-ке жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа фармацевтикалық зауыттардың іске қосылуы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл бастамалар халықты сапалы әрі қолжетімді дәрілік заттармен қамтамасыз етуге және еліміздің фармацевтикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
