Rasmedia.kz
ТехнологияЭкономика

Түркістан облысы ауыл шаруашылығына инвестиция тартуда республикада көш бастап тұр

Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту және инвестиция тарту бағытында республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Өңірге елімізде өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 1 трлн 226 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Облыс экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызын және қой етінің 75 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ет өндірісін одан әрі дамыту мақсатында бүгінде жалпы құны 49 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар толық іске қосылғаннан кейін қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі екі есеге ұлғаяды. Бұл туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов брифинг барысында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектар алқапқа егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артық. Көкөніс және бақша дақылдары 117,5 мың гектарға орналастырылып, нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі, 5 млн тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналған.

Сондай-ақ, өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану көрсеткіші айтарлықтай артқан. Аталған технологиялар енгізілген алқап көлемі 59 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. Нәтижесінде ағын су 30–50 пайызға дейін үнемделіп, өнімділік 20–30 пайызға артқан.

Биыл Түркістан облысында мақта жинау бойынша соңғы 18 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Орташа өнімділік гектарына 30 центнерді құрап, жалпы 428 мың тонна шитті мақта жиналды. Сонымен қатар, мақта өнімінің экспортқа тәуелділігін азайту және дайын өнім өндірісіне көшу мақсатында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынды. Бұл бағытта жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Брифинг барысында жылыжай шаруашылығының даму қарқыны да атап өтілді. Өткен жылы жылыжайлардың жалпы көлемі 75 гектарға артып, 1 715 гектарға жеткен. Нәтижесінде Түркістан облысының бұл саладағы ц үлесі 76 пайызды құрап отыр. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілген.

Айта кетейік, Түркістан облысы ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша да республикада көш бастап тұр. 2025 жылы салаға 246 млрд теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,4 млрд теңге бөлініп, 3,5 млрд теңгеге 401 жоба қаржыландырылған.