Жастарды қолдау, олардың әлеуетін арттыру және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау — «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан көлемінде NEET санатындағы жұмыссыз жастарды қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде іске асырылуда.
Аталған бастама аясында 18-35 жас аралығындағы азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік бағдарламаларға тарту мақсатында «Есіктен есікке» акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында Леңгір қаласының жастарының әлеуметтік жағдайы зерделеніп, олармен жеке кездесулер өткізілді.
Сонымен қатар, жастарға мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау тетіктері жан-жақты түсіндіріліп, жұмыспен қамту, кәсіп бастау және кәсіби даму мүмкіндіктері бойынша ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілді. Жастардың еңбекке араласуына, өз қабілетін жүзеге асыруына және тұрақты табыс табуына қолдау көрсету – қоғам дамуының маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді.
