Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларЭкономика

Түркістан – цифрлық қаржы мен инвестициялық дамудың жаңа орталығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту және цифрлық экономиканы дамыту болып табылады. Осы мақсатта еліміздің өңірлерінде инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастыру, халықаралық іскерлік байланыстарды кеңейту және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Түркістан облысы да қарқынды дамып, тек тарихи-рухани орталық қана емес, экономикалық және технологиялық әлеуеті жоғары өңір ретінде жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында «Банктер және финтех–2026» атты екінші Орталық Азия қаржы-банктік форумы өз жұмысын бастады. Ауқымды халықаралық жиын өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, цифрлық трансформация үдерістерін жеделдетуге және қаржы секторындағы заманауи технологияларды дамытуға бағытталған. Форум аясында отандық және шетелдік қаржы ұйымдарының өкілдері, банк саласының сарапшылары, инвесторлар мен халықаралық компаниялар бас қосты.
Форумның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен инвесторларға ұсынылып отырған мүмкіндіктер туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бүгінде Қазақстанның аграрлық және өндірістік әлеуеті жоғары өңірлерінің біріне айналып қана қоймай, цифрлық технологиялар мен финтех шешімдерін енгізуге дайын стратегиялық алаң ретінде қалыптасып келеді.
Форумның Түркістан қаласында өтуі де кездейсоқ емес. Соңғы жылдары өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, кәсіпкерлер мен халықаралық инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалуда. Қазіргі таңда облыста жалпы құны 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика, өңдеу өнеркәсібі және цифрлық технологиялар салаларын қамтиды. Мұндай ірі жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Түркістан облысында инвесторларға арналған арнайы жеңілдіктер жүйесі қалыптасқан. Атап айтқанда, өңірдегі 21 индустриялық аймақ пен арнайы экономикалық аймақтарда салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өз кезегінде шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қолайлы инвестициялық климат қаржы секторындағы ірі жобаларды жүзеге асыруға және банктік инфрақұрылымды дамытуға оң әсер етеді.
Өңір басшылығы инвесторларға дайын өндірістік ғимараттар ұсыну тәжірибесін де сәтті жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта облыстағы 25 өнеркәсіптік паркте 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жоспарланған. Оның едәуір бөлігі бүгінде пайдалануға берілген. Бұл кәсіпкерлердің уақыт пен қаржы шығындарын азайтып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуына мүмкіндік береді. Мұндай қолдау тетіктері шағын және орта бизнестің дамуына да серпін беріп отыр.
Форумның негізгі бөлігінде бүгінгі қаржы саласының ең өзекті тақырыптары талқылануда. Пленарлық отырыстар мен панельдік сессияларда жасанды интеллектіні банк жүйесіне енгізу, блокчейн технологияларын дамыту, цифрлық активтерді басқару және «Open banking» жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен қарастырылуда. Сарапшылардың пікірінше, цифрлық технологиялар қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар форум барысында киберқауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қаржы секторындағы цифрландыру деңгейі артқан сайын деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Осыған байланысты халықаралық сарапшылар заманауи киберқорғаныс жүйелерін енгізу және цифрлық қауіпсіздік стандарттарын жетілдіру бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Форумда Орталық Азия елдері арасындағы қаржылық интеграция мәселесі де кеңінен талқыланды. Әсіресе ұлттық валюталар арқылы есеп айырысу жүйесін дамыту, өңіраралық инвестициялық байланыстарды күшейту және ортақ цифрлық қаржы кеңістігін қалыптастыру мәселелері күн тәртібіне шығарылды. Бұл бастамалар өңірлік экономикалық қауіпсіздікті нығайтып, халықаралық сауда байланыстарын дамытуға мүмкіндік береді.
Төрт күнге жоспарланған халықаралық форум барысында жаңа серіктестік байланыстар орнатылып, бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізу күтілуде. Мұндай ауқымды жиындар Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және өңірге қосымша капитал тартуға жол ашады. Сонымен қатар форум аясында ұйымдастырылған кездесулер банк саласындағы инновациялық шешімдерді енгізуге және цифрлық экономиканың дамуына серпін береді.