Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ордабасы ауданында өңір тұрғындарымен кездесіп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысын баяндады. Министрдің айтуынша, облыста су инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары басталған.
2028 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, өңірде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше стратегиялық нысандар іске қосылмақ.
Түркістан облысында су қорын ұлғайту мақсатында келесі жобалар қолға алынды:
-
«Бәйдібек ата» және «Қарақуыc» су қоймалары аяқталуға жақын. Ал «Иқан-су» мен «Боралдай» нысандарының құжаттамасы әзірленіп жатыр.
-
3 су қоймасы қайта жаңғыртылып, 15 коммуналдық нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі.
-
24,5 мың гектар жерді сумен қамту үшін 4 ірі жоба аяқталды. Жыл басынан бері 115 каналды жаңғырту мен 103 каналды автоматтандыру жұмыстары басталды.
Министр климаттың өзгеруіне байланысты суды үнемдеу — басты басымдық екенін атап өтті. Шаруаларды ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау көлемі айтарлықтай өскен:
-
Су үнемдеу жабдықтары мен инфрақұрылым шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.
-
Түркістан облысында 82 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері енгізіліп, 124,5 млн текше метр су үнемделді.
Су ресурстарын заңсыз пайдалануды тоқтату үшін Министрлік пен Бас прокуратура бірлескен Жол картасын қабылдады. Бұл құжат аясында суға аудит жүргізіліп, заңсыз су алу фактілері мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылатын болады. Сондай-ақ, ирригациялық желілерді тиісті деңгейде ұстау үшін арнайы кондоминиумдар институты заң жүзінде бекітілді.
«Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту — уақыт талабы. Қазіргі жүзеге асып жатқан жобалар су шығынын азайтып, егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді», — деді Нұржан Нұржігітов.
Жиын соңында министр тұрғындарды жеке қабылдап, каналдарды бетондау, дренаж ұңғымаларын жөндеу және субсидиялау мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.
