«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, инвестициялық ахуалды жақсарту және шағын және орта бизнесті қолдау арқылы экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті арттыруға басымдық берілуде. Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, ауыл шаруашылығы саласында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – Келес ауданында бой көтеріп жатқан «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені. Бұл жоба Түркістан облысының агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі болып саналады. Ауқымды кешен іске қосылғаннан кейін Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жылыжайлардың қатарына енбек.
Бүгінде әлемдік нарықта экологиялық таза өнімдерге сұраныс артып келеді. Осыған байланысты Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба ауыл шаруашылығы өндірісін индустрияландыру мен инновациялық технологияларды енгізудің жарқын үлгісі ретінде бағалануда. Жылыжай кешені тек өндірістік нысан ғана емес, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы маңызды экономикалық алаңға айналмақ.
Жобаның жалпы құны 42 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыру жұмыстарын Қазақстанның Даму банкі жүзеге асыруда. Мұндай көлемдегі инвестиция жобаның экономикалық тиімділігіне және оның стратегиялық маңыздылығына деген жоғары сенімді көрсетеді. Ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірге шетелдік серіктестердің қызығушылығын күшейтуде.
Қазіргі таңда жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанға қажетті инженерлік инфрақұрылым толық тартылған. Атап айтқанда, электр энергиясы, табиғи газ және су жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталған. Бұл өндірістік кешеннің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар инфрақұрылымдық жұмыстар өңірдегі басқа да кәсіпкерлік нысандардың дамуына оң әсерін тигізуде.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – заманауи технологиялармен толық жабдықталуы. Жылыжай кешенінде Нидерландтың соңғы үлгідегі инновациялық технологиялары қолданылуда. Барлық өндірістік процестер автоматтандырылған. Атап айтқанда, температураны реттеу, өсімдіктерді суару, қоректендіру және микроклиматты бақылау жүйелері толық цифрлық технологиялар арқылы басқарылмақ.
Мұнда су ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінген. Тамшылатып суару технологиясының енгізілуі суды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе климаттық жағдайы құрғақ өңірлер үшін аса маңызды шешімдердің бірі болып саналады. Сонымен қатар жылыжайда экологиялық таза әрі сапалы өнім өндіруге басымдық берілген.
Кешеннің негізгі өнімі – экологиялық таза қызанақ.
Жобаның алғашқы кезеңінің өзінде 51 гектар аумақтан 27 мың тонна өнім алынған. Алдағы жоспарлар одан да ауқымды. 2030 жылға қарай жылыжай көлемін 500 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Нәтижесінде жылдық өнім көлемі 240 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы рекордтық көрсеткіштердің бірі болмақ.
Жоба халықаралық «ЭКО-культура» агрохолдингімен серіктестікте жүзеге асырылуда. Мұндай халықаралық әріптестік өңірге заманауи технологиялар мен озық тәжірибелерді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл Түркістан облысының халықаралық инвестициялық байланыстарын нығайтып, шетелдік инвесторлар үшін тартымды өңір ретіндегі беделін арттыра түседі.
Кешеннің әлеуметтік маңызы да ерекше. Жоба аясында 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ірі жылыжай кешенінің іске қосылуы шағын және орта бизнестің дамуына да оң әсер етеді. Себебі өндіріс айналасында логистика, қаптама өндіру, техникалық қызмет көрсету, тасымалдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыттарында көптеген кәсіпкерлік нысандар қалыптасады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының әртараптануына және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, «Ecoculture-Eurasia» жобасы Түркістан облысының ғана емес, бүкіл еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы маңызды бастамаларының бірі болып саналады. Тамыз айында ресми түрде іске қосылуы жоспарланған бұл кешен ауыл шаруашылығын индустрияландырудың, инвестициялық ахуалды жақсартудың және өңірлік дамуды қолдаудың нақты үлгісіне айналмақ. Сонымен қатар бұл жоба Қазақстанның аграрлық держава ретіндегі әлеуетін арттырып, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады.
