Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларТехнология

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕР ТИІМДІ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ержан Нағызханұлы Қарымсақовтың мәліметіне сәйкес, бүгінде Түркістан облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру, мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету және сервистік модельге көшу мәселесіне басымдық беріліп келеді. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жұмыстары еліміздің барлық өңірінде қарқынды жүзеге асуда.
Әсіресе, Түркістан облысында электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалану көрсеткіші артып, тұрғындардың цифрлық сервистерге деген қызығушылығы күшейген. Бұл өз кезегінде уақыт үнемдеуге, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және халыққа қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен іске қосылған «EgovKzBot2.0» Telegram платформасы тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жеңілдетіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелерді жедел шешуге ықпал етуде.
Аталған бот платформасының негізгі мақсаты — мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша халықпен жедел кері байланыс орнату, азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен шағымдарын қабылдау және қажетті ақпараттарды ұсыну.
Департамент мәліметінше, 2026 жылдың І тоқсанында «EgovKzBot2.0» платформасы арқылы жүгінген 20 азаматқа тиісті түсіндірмелер берілген. Бұл көрсеткіш тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта пайдалануға бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде Telegram бот арқылы тұрғындар:

  • ХҚКО-ға кезекті онлайн брондай алады;
  • 1414 байланыс орталығымен тікелей байланыса алады;
  • уәкілетті органдарға өтініш немесе шағым жолдай алады;
  • әлеуметтік және еңбек саласына қатысты кеңес ала алады;
  • мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратқа қол жеткізеді;
  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша мәлімет алады;
  • Egov mobile қосымшасын жүктей алады;
  • әкімшілік айыппұлдарының бар-жоғын тексере алады;
  • өзіне жақын орналасқан ХҚКО-ны анықтай алады.

Сонымен қатар, азаматтар мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындаған мәселелер бойынша толық ақпарат қалдырып, ресми шағым жолдай алады. Өтініштер заңнама талаптарына сәйкес қаралып, нәтижесінде азаматтарға 3 жұмыс күні ішінде жауап беріледі.
Түркістан облысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілерінде арнайы бейнероликтер жарияланып, халық көп шоғырланатын орындарға QR-коды бар ақпараттық баннерлер орналастырылған.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын жедел қарау мақсатында «Sapaly qyzmet» Telegram платформасы мен арнайы «Сенім телефоны» да жұмыс істеуде. Бұл тетіктер мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық бақылауды күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Жалпы, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру — мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай заманауи платформалар халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, азаматтарға қолжетімді, ашық әрі сапалы қызмет көрсетуге жол ашуда.