Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарҚоғам

Түркістан облысында Еуропалық иммундау апталығы басталды: Мамандар екпенің маңызын түсіндірді

Түркістан облысында 19-25 сәуір аралығында өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастамасымен дәстүрлі Еуропалық иммундау апталығы өтуде. Маңызды шараның басты бағыты — халықтың вакцинация туралы сауаттылығын арттырып, балалар мен ересектер арасында екпе алу көрсеткішін көбейту.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев мәлімдеді.

Екпеден кейінгі бақылау: Не білу керек?

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда медицинада 20-дан астам қауіпті инфекцияға қарсы вакцина түрі бар. Маман екпеден кейінгі күтім мен бақылаудың маңыздылығына тоқталды:

  • Алғашқы 30 минут: Екпе алған соң аллергиялық реакцияларды болдырмау үшін пациент дәрігер бақылауында болады.
  • Реакция кезеңі: Қызылша, қызамық және паротитке қарсы егуден кейін 5-7 күн ішінде ағзада белгілі бір әсерлер байқалуы мүмкін. Бұл — қалыпты жағдай.
  • Үздіксіз байланыс: Вакцинациядан кейін әрбір азаматты аймақтық мейірбикелер тікелей қадағалауға алады.

Түркістан облыстық СЭБД басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекованың айтуынша, иммундау — жұқпалы дерттерден қорғанудың ең тиімді әрі баламасыз жолы.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы жарты ғасырда вакцинациялаудың арқасында әлемде 150 миллионнан астам адам ажалдан аман қалған. Сәуір айының соңында өтетін бұл апталық — халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам», — деп атап өтті Ақерке Мақұлбекқызы.

Дәрігерлер екпе салу арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастырып, қауіпті эпидемиялардың алдын алуға болатынын ескертеді.