Rasmedia.kz
Жаңалықтар

Түркістан облысында бидайды терең өңдейтін өндіріс орны қайта іске қосылды

Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде Түлкібас ауданында орналасқан «MK ALTYN NAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұн өндіретін зауыты толық жаңғыртудан өтіп, жұмысын қайта бастады.

Жаңартылған диірмен кешенінің қызметімен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып танысты. Аймақ басшысы өндіріс ұжымымен кездесіп, өңір экономикасын нығайтуда мұндай кәсіпорындардың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін заманауи өндіріс орындарының көбеюі жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өңделген өнім үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, іске қосылған зауыт сол міндеттердің нақты орындалып жатқанын көрсетті.

 «Қайта жаңғыртылған бұл кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, бидайды терең өңдеуге мүмкіндік береді. Жаңартылған технологиялар сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жол ашады. Мұндай жобалар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Инвесторларға алғыс білдіремін, жобаны әрі қарай кеңейтуге қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Нұралхан Көшеров.

Аталған зауыт бидай өнімін өңдеуге маманданған. Кәсіпорын алғаш рет 1986 жылы іске қосылып, 2018 жылы өндірісін тоқтатқан болатын. 2024 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, зауыт толықтай қайта жаңғыртылып, өндірістік қуаты едәуір артты.

Қазіргі таңда кәсіпорын жылына 120 мың тоннаға дейін бидай өңдеуге қауқарлы. Зауытта 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Диірмен кешені басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жобаны кеңейтуді жоспарлап отыр.

Түлкібас ауданында өндірілген ұн ішкі нарықпен қатар Өзбекстан, Түрікменстан және Ауғанстан елдеріне экспортталуда. Бұл өнімнің сапасы мен сұранысының жоғары екенін көрсетеді.

Жаңартылған өндіріс орны өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Түркістан облысының аграрлық әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса бермек.