Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТА ОҢ КӨРСЕТКІШ КӨРСЕТУДЕ

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік-экономикалық дамуды теңгерімді жүргізу, өңірлердің әлеуетін арттыру, халықтың әл-ауқатын көтеру және тұрақты даму қағидаттарын іске асыру болып табылады. Осы мақсатта Түркістан облысында экономикалық өсіммен қатар әлеуметтік әділеттілік, экологиялық тұрақтылық және адам құқықтарын қорғау бағыттары кешенді түрде жүзеге асырылуда.
Осы орайда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесті. Кездесу барысында өңірдің даму көрсеткіштері, әлеуметтік саясат және тұрақты даму мақсаттарын іске асыру барысы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Ертай Алтаев Түркістан облысының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік салалардағы оң динамикаға тоқталды. Оның айтуынша, өңірде жүргізіліп жатқан саясат экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікті үйлестіруге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
2026 жылғы 1 наурыздағы ресми мәліметтерге сәйкес, Түркістан облысының халық саны 2 146,7 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалық тұрғындар – 545,1 мың адам (25,4%), ауыл тұрғындары – 1 601,6 мың адам (74,6%). Бұл өңірдің ауылдық аймақтарға негізделген әлеуметтік-экономикалық құрылымын көрсетеді.
Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысында қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4%-ды құрап, республика бойынша 2-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын және инвестициялық тартымдылықтың артқанын айғақтайды.
Кездесуде экологиялық тұрақтылық мәселелері де ерекше назарда болды. Өңірде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жасыл технологияларды енгізу және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар «жасыл экономика» қағидаттарына сәйкес келіп, ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ көші-қон және әлеуметтік интеграция мәселелері де талқыланды. Облыста азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету, әлеуметтік үйлесімділікті нығайту және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Жиын барысында гендерлік теңдік мәселесі де көтерілді. Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары өңір. Бүгінде облыста 400 мыңнан астам отбасы тұрады. Көпбалалы аналардың басым бөлігі де осы өңірде шоғырланған.
Мемлекеттік қызмет саласында да әйелдердің үлесі артып келеді. Қазіргі таңда облыстағы 5 611 мемлекеттік қызметшінің 1 572-сі немесе 28,1%-ы – әйелдер. Оның ішінде 233 әйел басшылық лауазымдарды атқарады. Бұл гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы оң өзгерістердің айғағы.
Кәсіпкерлік саласында да әйелдердің белсенділігі жоғары. Облыс бойынша шамамен 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелсе, оның 91 мыңнан астамын әйелдер басқарады. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 43,1%-ында әйелдер жетекшілік етеді.
Бұл көрсеткіштер «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі қағидаттарының бірі – экономикалық мүмкіндіктерге тең қолжетімділіктің өңірде нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Әйелдердің бизнес пен басқару саласына белсенді араласуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда.
Кездесуде сондай-ақ азаматтық қоғамды қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту және жастар мен әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған бастамалар талқыланды. Бұл бағыттар әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі ретінде қарастырылды.
Жиын соңында Ертай Алтаев БҰҰ арнайы баяндамашысының тәжірибесі мен сараптамалық көзқарасы өңір үшін маңызды екенін атап өтіп, мұндай пікір алмасулар Түркістан облысының даму стратегиясын жетілдіруге және халықаралық озық тәжірибені енгізуге серпін беретінін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, тұрақты даму мақсаттары аясында тәжірибе алмасуды жалғастыруға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді.