Өңірлік даму мен инфрақұрылымды кешенді дамыту, ауылдар мен қалалардың теңгерімді өркендеуін қамтамасыз ету, әлеуметтік салалардың қолжетімділігін арттыру және халықтың өмір сапасын жақсарту — «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының біріболып табылады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сарыағаш ауданында да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Сарыағаш ауданында ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалар іске асырылуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Дархан, Бостандық, Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударудың маңыздылығын атап өтіп, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы тікелей инфрақұрылым деңгейіне байланысты екенін жеткізді.
– Бүгінде аудан аумағында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған медициналық нысандардың құрылысы басты басымдықта. Сондықтан ауылдық округ әкімдері мен мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстарды сапалы орындауды, құрылыс материалдары мен медициналық жабдықтардың сапасына ерекше мән беруді және барлық кезеңдерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді аудан әкімі.
Қазіргі таңда Көктерек ауылдық округіне қарасты Дархан елді мекенінде медициналық нысанның іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Ал Жартытөбе ауылдық округіндегі Бостандық елді мекенінде және Ақжар ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұнда кірпіш қалау және негізгі құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.
Сонымен қатар Жібек жолы ауылдық округіндегі Дихан баба елді мекенінде медициналық нысанның жер қазу және іргетас дайындау жұмыстары басталған. Бұл нысандардың барлығы белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылып, алдағы уақытта ел игілігіне берілуі көзделіп отыр. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының қалаға сабылмай-ақ сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, аталған медициналық нысандардың салынуы Сарыағаш ауданында денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, ауылдық жерлерде медициналық қызметтің сапасын арттыруға және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл Әділетті Қазақстан реформасының ауылдық инфрақұрылымды дамыту және халықтың әл-ауқатын көтеру бағыттарымен толық сәйкес келеді.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданында мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да қатар жүргізілуде. Тегісшілдік ауылдық округіндегі Мәдениет елді мекенінде 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылысы қарқынды жүзеге асырылуда. Аталған нысан аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тұрақты бақылауында.
Нысан басына барған аудан басшысы құрылыс сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтіп, жауапты сала мамандарына барлық жұмыстарды бекітілген талаптар мен құрылыс нормаларына сай орындауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар мәдениет үйінің уақытылы әрі сапалы аяқталуы ауыл тұрғындарының рухани қажеттілігін өтеуде маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Аталған жоба «Мәдени объектілерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ішкі әрлеу, инженерлік желілерді тарту және материалдық-техникалық базаны жабдықтау кезеңдері жоспарға сәйкес орындалуда. Нысанның мердігері – «Строительная компания «Люкс сервис» ЖШС, ал тапсырыс беруші – ауданның құрылыс және сәулет, қала құрылысы бөлімі.
Жалпы алғанда, Сарыағаш ауданында денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы инфрақұрылымдық жобалардың қатар жүзеге асырылуы ауылдық аумақтардың кешенді дамуына зор серпін беріп отыр. Бұл бастамалар халықтың өмір сапасын арттыруға, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңгерімді нығайтуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
«Әділетті Қазақстан» реформасы аясындағы мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты негіз қалыптастыратын болады.
