«Әділетті Қазақстан» реформаларының басты бағыттарының бірі – өңірлік дамуды күшейту, заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру және инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Осы бағытта Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ірі энергетикалық жоба – жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sauran Solar Power» ЖШС басқарма төрағасы Шао Юэбомен кездесіп, Сауран ауданында салынып жатқан қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылыс барысын жан-жақты пысықтады. Бұл жоба тек өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық маңызы жоғары бастама болып отыр.
Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік бүгінгі таңда нақты инвестициялық жобалар арқылы жүзеге асуда. Сауран ауданындағы күн электр станциясының құрылысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік инвесторлар үшін қолайлы бизнес орта қалыптастыру саясатының нақты нәтижесі. Өткен жылдың желтоқсан айында іргетасы қаланған бұл жоба екі ел арасындағы жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі үкіметаралық келісімдер аясында іске асырылуда.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі барлық инвестициялық жобалардың ерекше бақылауда екенін атап өтті. Оның айтуынша, әкімдік тарапынан инвесторларға толық қолдау көрсетіліп, әкімшілік кедергілерді жою бағытында нақты шаралар қабылдануда. «Бұл жоба – Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің айқын көрінісі. Біз оның уақтылы әрі сапалы жүзеге асуына барлық жағдайды жасаймыз. Өңірдегі әрбір инвестициялық жоба мен инвестор қызметі менің жеке бақылауымда», – деді өңір басшысы.
Сауран ауданында салынып жатқан күн электр станциясы технологиялық тұрғыдан күрделі әрі жоғары стандарттарға сай заманауи энергетикалық нысан болып саналады. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 160 миллиард теңгені құрайды. Бұл – Түркістан облысы экономикасына тартылған ірі капиталдың бірі.
Жобаның техникалық сипаттамалары оның ауқымын айқын көрсетеді. Қосалқы станцияда қуаты 400 МВА болатын екі ірі трансформатор орнатылады. Сонымен қатар, қуаты 90 МВт / 360 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе күн сәулесі болмаған немесе ауа райы қолайсыз кезеңдерде электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етіп, өңірлік желі жүктемесін теңестіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда құрылыс алаңына қажетті жабдықтар, контейнерлер мен күн панельдерінің алғашқы партиясы жеткізіліп, монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаны толық аяқтап, іске қосу 2024–2027 жылдар аралығына жоспарланған.
Бұл инвестициялық бастаманың экономикалық тиімділігімен қатар, әлеуметтік маңызы да ерекше. Жоба аясында құрылыс кезеңінде және станция толық іске қосылғаннан кейін 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Инвесторлар жергілікті кадрларды даярлауға, оларды заманауи энергетикалық технологиялармен жұмыс істеуге үйретуге ерекше мән беріп отыр. Бұл өз кезегінде Сауран ауданының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының еңбек нарығын дамытуға ықпал етеді.
Қазақстанның энергетикалық құрылымында көмірге негізделген генерация үлесі әлі де жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Саурандағы 300 МВт күн электр станциясы – экологиялық таза энергияға көшу жолындағы маңызды қадам. Жоба іске қосылғаннан кейін атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемі айтарлықтай азайып, еліміздің декарбонизация бағытындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға нақты үлес қосады.
Сонымен қатар, мұндай ірі энергетикалық жобалар өңірлік инфрақұрылымды дамытуға да серпін береді. Жаңа жолдар, электр желілері және сервистік қызметтер желісі кеңейіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі. Бұл – «Әділетті Қазақстан» қағидаты аясында өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз етудің нақты көрінісі.
Түйіндей айтқанда, Түркістан облысындағы Сауран күн электр станциясы – тек энергетикалық жоба ғана емес, өңірлік даму, инфрақұрылымдық жаңғыру және бизнеске қолайлы орта қалыптастырудың жарқын үлгісі. Күн энергиясына бай қасиетті өңір енді сол табиғи әлеуетін ел игілігіне жаратып, жасыл энергетиканы дамытуда алдыңғы қатарлы аймақтардың біріне айналмақ.
