Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханият

Наурыз мейрамына тарту: Қазақстанда тауарлар 70%-ға дейін арзандайды

Биыл елімізде 13-23 наурыз аралығында «Nauryz Sale» атты жаппай жеңілдіктер науқаны өтеді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

Республикалық деңгейдегі бұл акция ішкі сауданы жандандыруды және мереке күндері халық үшін тиімді сауда ортасын қалыптастыруды көздейді.

Қандай жеңілдіктер күтілуде?

Акция кезеңінде сауда орындары азық-түлік пен тұрмыстық тауарларға 10-нан 70 пайызға дейін жеңілдік жасайды. Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін тиімді бағадағы өнімдер арнайы «Nauryz» стиліндегі баға көрсеткіштерімен, баннерлермен және брендтелген белгілермен ерекшеленбек.

Акцияға кімдер қатысады?

Биылғы маусымдық жеңілдіктер марафонына еліміз бойынша 300-ге жуық ірі нысан қосылды:

  • 140 сауда үйі мен ойын-сауық орталығы;

  • 140 ірі сауда желісі;

  • 20 танымал интернет-дүкен (marketplace).

Отандық өнімге басымдық

Министрліктің мәліметінше, акция аясында қазақстандық өндірушілерге ерекше қолдау көрсетіледі. Сауда орталықтарында отандық тауарларға арналған арнайы аймақтар ашылып, ондағы өнімдер нарықтық құнынан 10–20 пайызға төмен бағамен сатылады.

«Бұл бастама — бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі мен халыққа деген мерекелік сыйы. Отандық өнімді қолдау арқылы біз экономиканы ынталандырып, халықтың мерекелік көңіл-күйін көтеруді мақсат тұтамыз», — деп атап өтті ведомстводан.