Верона қаласында «Милан-Кортина-2026» XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу рәсімі өтті. 15 наурызға дейін созылатын айтулы додаға әлемнің 56 елінен 600-ден астам атлет қатысады.
Биылғы ақ Паралимпиадада спорттың 6 түрінен (пара шаңғы жарысы, пара биатлон, арбадағы керлинг, пара сноуборд, тау шаңғысы және пара хоккей) жалпы саны 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан намысын кімдер қорғайды?
Ұлттық құрама сапында пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан 7 спортшы бақ сынайды:
- Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин (биатлон және шаңғы);
- Нұрлан Әлімов, Владислав Кобаль және Анна Грачёва (шаңғы жарысы).
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спортшылардың дайындығы жоғары екенін атап өтті:
«Бұл дода — біздің құрама үшін шеберлігін паш етіп, ел абыройын асқақтатуға берілген зор мүмкіндік. Әрбір спортшы ұзақ әрі күрделі дайындықтан өтті. Барша отандастарымызды біздің батырларымызға қолдау көрсетіп, жанкүйер болуға шақырамын», — деді министрлік өкілі.
Алғашқы жарыс күні және трансляция
Қазақстандық паралимпиадашылар ертең, 7 наурыз күні алғашқы жарыс жолына шығады. Спортшыларымыз пара биатлоннан 7,5 шақырымдық спринттік қашықтықта сынға түседі.
Жарыс кестесі мен көрсетілім:
- Күні: 7 наурыз (Сенбі);
- Спорт түрі: Пара биатлон (спринт);
- Тікелей эфир: Жарыстың эксклюзивті көрсетілімін Qazsport телеарнасынан тамашалай аласыздар.
