Астанада елімізде жоспарланып отырған конституциялық өзгерістерді талқылайтын арнайы комиссияның алғашқы жиыны өтті. Басқосу ашық әрі кең ауқымда ұйымдастырылып, оған заң шығарушы және атқарушы билік өкілдерімен қатар қоғам қайраткерлері, өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері, ғылыми және сараптамалық орта, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аталған комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес құрылып, алдағы кезеңдегі конституциялық жаңғыртудың негізгі бағыттарын әзірлеумен айналысады. Комиссияны Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова басқарады. Оның орынбасарлары ретінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бекітілген.
Жиын барысында қатысушылар Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістерге қатысты бастамаларды ортаға салып, олардың саяси және құқықтық салдарын талқылады.
Еске салайық, Президент 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сүйене отырып, бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерген еді. Бұл қадам қазіргі жаһандық өзгерістер мен технологиялық даму жағдайында мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды реформа ретінде қарастырылуда.
Реформаны дайындау кезеңінде қоғам тарапынан белсенділік жоғары болды. 2024 жылдың қазан айынан бастап азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және түрлі сала мамандарынан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Ұсыныстардың көпшілігі электронды мемлекеттік сервистер арқылы жолданған.
Айта кету керек, ұсыныстардың мазмұны тек Парламент құрылымымен шектелмей, елдің саяси жүйесіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттік институттардың қызметіне қатысты кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Осы себепті Мемлекет басшысы конституциялық реформаны жүйелі түрде қарастыру үшін арнайы комиссия құру туралы шешім қабылдаған.
Отырыста сөз алған Эльвира Азимова комиссия жұмысы жеке-жеке түзетулермен шектелмей, Конституцияны заман талабына сай кешенді түрде жаңғыртуға бағытталуы тиіс екенін айтты.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз баяндамасында Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында Президент атап өткен негізгі ұстанымдарға тоқталды. Оның айтуынша, “Құрылтай” атауын мемлекеттік институттың символы ретінде сақтау – тарихи сабақтастықты көрсететін маңызды шешім.
Сондай-ақ Құрылтай депутаттарының саны 145 адам болатыны, сайлау толық пропорционалды жүйе бойынша өтетіні және өкілеттік мерзімнің бес жыл болып белгіленетіні хабарланды. Бұл жүйе партиялардың рөлін күшейтіп, саяси жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев реформалар аясында Вице-президент институтын енгізу және Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Вице-президент мемлекетті басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және билік тармақтары арасындағы үйлесімді арттыруға ықпал етеді.
Ал Халық Кеңесі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға арналған кең ауқымды диалог алаңы ретінде жұмыс істемек. Бұл органның мәртебесі мен өкілеттіктерін Конституция деңгейінде бекіту көзделіп отыр.
Жиын барысында депутаттар мен сала өкілдері де өз ұсыныстарын ортаға салды. Конституцияның преамбуласын жаңарту, адам құқықтарын қорғауды күшейту, зайырлылық қағидаттарын нақтылау, зияткерлік меншік пен цифрлық қауіпсіздік мәселелерін конституциялық деңгейде бекіту жөнінде пікірлер айтылды.
Отырысты қорытындылаған комиссия төрағасы келесі кездесуде нақты нормалар мен түзетулерді талқылауға көшетінін мәлімдеді.
