Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

АРЫСТА ЗАМАНАУИ КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФИЯ АППАРАТЫ ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Арыс аудандық орталық ауруханасында заманауи компьютерлік томография (КТ) аппараты пайдалануға берілді. Жаңа жоғары технологиялық медициналық құрылғы тұрғындарға сапалы, жедел әрі дәл диагностикалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

Компьютерлік томография аппаратын орнату мәселесі бұған дейін облыс және қала әкімдерінің тұрғындармен кездесулерінде бірнеше мәрте көтерілген болатын. Азаматтардың ұсыныс-тілектері ескеріліп, жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды. Нәтижесінде арыстықтардың көптен күткен сұранысы жүзеге асып, аудан тұрғындарына заманауи диагностикалық қызмет қолжетімді болды.

Жаңа медициналық құрылғының жұмысымен танысу мақсатында Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев пен Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев аудандық орталық ауруханаға арнайы барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Олар жаңа аппараттың мүмкіндіктерімен танысып, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

Компьютерлік томография аппараты өкпе, бауыр, ұйқы безі сияқты ішкі ағзалардағы қатерлі ісіктерді, іш қуысы мүшелерінің түрлі патологияларын, көкбауыр, бауыр және бүйрек жарақаттарын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылғы қан тамырлары мен қан айналымы жүйесінің жағдайын бағалап, мидағы қан кету, қан тамырларының кеңеюі және сүйек тіндеріндегі зақымдарды жоғары дәлдікпен диагностикалауға арналған.

Қажет болған жағдайда аппарат арқылы контрастты зерттеу жүргізуге де мүмкіндік қарастырылған. Бұл әдіс ісік ауруларына күдік туған кезде немесе патологиялық өзгерістерді нақтылау қажет болған жағдайда қолданылады. Контрастты компьютерлік томография қабыну процестерін, кисталарды, қан ұйығыштарын және түрлі ісіктерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп, дер кезінде ем жүргізуге жағдай жасайды.

Жаңа құрылғының басты ерекшелігі – 160 тілімді кескін түсіру мүмкіндігі. Бұл зерттеу нәтижелерінің дәлдігін арттырып, ағзалардың жай-күйін жан-жақты бағалауға, алынған мәліметтерді толық визуализациялауға және ұзақ мерзімге электронды түрде сақтауға мүмкіндік береді.

Компьютерлік томография қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін, сондай-ақ ақылы негізде көрсетіледі. Ал инсульт, ауыр жарақаттар және басқа да шұғыл жағдайларда зерттеу тәулік бойы жүргізіліп, азаматтарға сақтандыру мәртебесіне қарамастан жедел медициналық көмек көрсету қамтамасыз етіледі.

Бұл жоба Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік саясатты жетілдіру және денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру міндеттерімен үндеседі. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар халық денсаулығын нығайтуға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.