Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханият

Алматыда «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ашылды

Мегаполисте гуманитарлық ғылымды жаңа деңгейге көтеретін бірегей жоба — ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен «Тұран» университеті базасында жаңа халықаралық зерттеу орталығы өз жұмысын бастады.

Бұл орталық тек ғылыми мекеме емес, Ұлы дала мұрасын әлемдік деңгейде насихаттайтын және заманауи технологияларды гуманитарлық салаға интеграциялайтын халықаралық хабқа айналмақ.

Салтанатты шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Министр бұл орталықтың негізі 2025 жылдың соңында ғана қаланғанына қарамастан, қысқа мерзімде халықаралық деңгейге көтерілгенін жоғары бағалады. Орталық Ұлы дала өркениетін пәнаралық тұрғыдан зерттеудің жаңа кезеңін айқындап бермек.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл бастаманы Орталық Еуразияның тарихи мұрасын жаңаша пайымдауға бағытталған стратегиялық қадам деп атады.

ҚР ҰҒА президенті Ахылбек Күрішбаев орталықтың жұмыс істеу принципі әлемдік деңгейдегі Гете немесе Конфуций институттарының үлгісіне негізделетінін мәлімдеді. Ғылыми зерттеулерде келесі инновациялар қолданылмақ:

  • Turan Civilization Digital Atlas: Өркениеттің интерактивті картасы;

  • GIS және Жасанды интеллект: Тарихи деректерді өңдеу мен картографияда заманауи технологияларды қолдану;

  • Цифрлық архив: Тарихи жадыны сақтаудың жаңа форматы.

Ашылу рәсіміне Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанның дипломатиялық өкілдері, сондай-ақ жетекші отандық және шетелдік академиктер қатысты. Сарапшылар Орталық Еуразияның өркениеттік сабақтастығын зерттеу мен «Тұран өркениеті» брендін жаһандық ғылыми кеңістікте таныту мәселелерін талқылады.

Шара соңы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған салтанатты концертке ұласты. Түрлі этностардың өнері тоғысқан қойылымдар Ұлы даланың бірлік пен сан алуан мәдениеттің мекені екенін тағы бір мәрте паш етті.


Жаңа орталық Қазақстанның зияткерлік имиджін нығайтып, отандық ғылымның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етеді.