Арыс қаласында әлемдік теміржол машина жасау саласындағы жетекші компаниялардың бірі – француздық Alstom компаниясының электровоздарға арналған заманауи сервистік депосының құрылысы жалғасуда. Жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, теміржол саласының өндірістік әлеуетін нығайтуға және қаланың стратегиялық маңызын арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық бастамалардың бірі саналады.
Осыған байланысты мүдделі тараптар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жаңа депо құрылысының барысына арналған таныстыру сапары ұйымдастырылды. Іс-шара барысында құрылыс жұмыстарының кезеңдері, жобаның техникалық ерекшеліктері мен өңір үшін маңызы таныстырылды.
Таныстыру іс-шарасына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен салалық мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиын барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесіне тоқталды.
– Бұл жоба Арыс қаласының өндірістік және көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан мұндай инвестициялық бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндірістік бағыттарды дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Сонымен қатар жас мамандардың кәсіби тәжірибе жинақтауына және біліктілігін арттыруына жаңа мүмкіндік береді, – деді Ертай Алтаев.
Өз кезегінде Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Alstom компаниясының Қазақстанда жүзеге асырып жатқан жобалары екі ел арасындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің нақты нәтижесі болып табылады. Арыс қаласында салынып жатқан сервистік депо көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңірлік экономиканың әлеуетін арттыруға және теміржол саласының тиімділігін көтеруге оң әсерін тигізеді.
Іс-шара барысында жобаның сәтті жүзеге асырылып жатқанын білдіретін ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жоба Alstom компаниясы мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы инвестициялық келісім шеңберінде іске асырылуда. Арыс қаласындағы жаңа нысан елімізде салынатын төрт сервистік орталықтың бірі болады.
Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа депо электровоздарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүргізетін заманауи өндірістік орталық ретінде жұмыс істейді. Мұнда ай сайын 120 локомотив секциясына дейін, ал жылына 1440 секцияға қызмет көрсету жоспарланып отыр.
Мамандардың бағалауынша, жаңа сервистік орталық локомотивтердің техникалық дайындығын жақсартып, ішкі және халықаралық теміржол тасымалының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар техникалық қызмет көрсету сапасының жоғарылауы теміржол саласының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Арыс қаласының Орта дәліз бойындағы қолайлы географиялық орналасуы жаңа депоның өңірлік сервистік хаб ретіндегі рөлін күшейте түседі. Бұл өз кезегінде еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық көлік дәліздерінің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Жоба аясында өңірлік сервистік орталықтарды дамытуға бағытталған 50 миллион еуро көлеміндегі инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Нәтижесінде республика бойынша 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Таныстыру сапары барысында қонақтарға құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі көрсетіліп, болашақ депоның өндірістік мүмкіндіктері, қолданылатын озық технологиялар және сервистік қызмет көрсету жүйесі туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Аталған жоба Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру міндеттерімен толық үндеседі. Көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту, халықаралық инвестицияларды тарту және өндірістік жобаларды іске асыру өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін одан әрі дамытуға негіз қалайды.
