Келес ауданында мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жаңа цифрлық сервис іске қосылды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінде электрондық кезекті алдын ала брондау жүйесі пилоттық режимде жұмысын бастады.
Жаңа жүйе азаматтарға ХҚКО-ға келетін күн мен уақытты алдын ала жоспарлап, мемлекеттік қызметтерді өзіне ыңғайлы уақытта алуға мүмкіндік береді. Бұл тұрғындардың уақытын тиімді пайдалануға, қызмет көрсету үдерісін оңтайландыруға және кезекте күту уақытын едәуір қысқартуға бағытталған.
Электрондық кезекті брондау үшін тұрғындар «ЦОН» мобильді қосымшасын, электрондық үкімет порталын немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығын пайдалана алады. Өтінім рәсімделгеннен кейін азаматтың ұялы телефонына брондаудың расталғаны туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Жоба халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартумен қатар, мемлекеттік қызметтерді алу процесін барынша ыңғайлы әрі тиімді етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге дайын құжаттарды беру және өзіне-өзі қызмет көрсету секторындағы қызметтер бұрынғы тәртіппен, алдын ала жазылусыз көрсетіле береді.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың қолайлы қызмет алуына да ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, алдын ала брондау мүмкіндігі болмаған немесе ерекше жағдай туындаған кезде егде жастағы тұрғындарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және шетел азаматтарына қызмет көрсету үшін арнайы жұмыс орны ұйымдастырылған.
Айта кетейік, электрондық кезекті алдын ала брондау жүйесі бұған дейін Түркістан облысының Созақ және Бәйдібек аудандарында пилоттық режимде енгізіліп, енді Келес ауданында да жүзеге асырылуда. Пилоттық кезең барысында сервистің тиімділігі мен тұрғындар сұранысы сараланып, оның нәтижелері негізінде жобаны кеңейту және функционалдық мүмкіндіктерін жетілдіру мәселесі қарастырылатын болады.
Бұл бастама Мемлекет басшысы айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – цифрландыру және қолжетімді мемлекеттік қызметтерді дамыту қағидаттарына толық сәйкес келеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, азаматтарға қолайлы әрі тиімді сервис ұсынуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен сапасын жақсартуға ықпал етеді.
