«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, ауылдық елді мекендердің өмір сүру сапасын арттыру. Осы мақсатта Келес ауданында тұрғындарды сапалы ұялы байланыс және жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Тұрғындар тарапынан көтерілген байланыс сапасына қатысты мәселелерді шешу мақсатында аудан әкімдігі мен ұялы байланыс операторлары арасында тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде «Kcell» компаниясы ауданның 17 елді мекенінде жаңа базалық станциялар орнату туралы шешім қабылдады.
Жаңа 4G станциялары Абай, Алпамыс батыр, Ұшқын, Қошқарата, Біртілек, Ошақты, Ақтөбе және Бозай ауылдық округтеріндегі бірқатар елді мекендерде орналастырылады. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының сапалы байланыс пен жоғары жылдамдықтағы интернетке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Абай ауылының Шығыс мөлтек ауданында және Біртілек ауылдық округінің орталығында жаңа байланыс нысандарын орнату бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығында «Қазақтелеком» АҚ тарапынан ескірген байланыс бағаналарын жаңарту және талшықты-оптикалық желілер тарту жұмыстары да қатар атқарылуда.
Ауылдық аумақтардың цифрлық инфрақұрылымын дамыту тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады.
