Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларТехнологияЭкология

КЕЛЕСТЕ ҚАЛДЫҚТАРДЫ СҰРЫПТАУ ЖҮЙЕСІ ДАМЫТЫЛУДА

Келес ауданында қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және полигондардың жұмысын заманауи талаптарға сәйкестендіру шараларына ерекше көңіл бөлінуде.

Осы бағытта аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының инфрақұрылымын жаңарту, олардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету және экологиялық талаптарға сәйкестігін арттыру бойынша бірқатар жобалар қолға алынды.

Қазіргі таңда Келес ауданында жеті қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істейді. Барлық нысандар аудан әкімдігіне қарасты «Келес-Қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағында. Аудан орталығы саналатын Абай ауылындағы полигонның аумағын ұлғайту мақсатында қосымша 20 гектар жер бөлініп, нысанның жалпы көлемі 24 гектарға жеткізілді. Бүгінде бұл жер телімін экологиялық мақсаттағы аумақ ретінде рәсімдеу бойынша тиісті құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау жүйесін дамыту да күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты Абай ауылындағы полигонды сенімгерлік басқаруға беру мәселесі қарастырылып жатыр. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда жыл сайын 8 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, қалдықтарды тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар аудандық бюджет қаржысы есебінен Ошақты және Бозсу елді мекендеріндегі полигондарда жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде нысандардың аумағы қоршалып, жарықтандыру жүйелері орнатылды және қолданыстағы экологиялық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары атқарылды.

Бүгінде Бірлік, Қошқарата, Ошақты және Ақтөбе ауылдық округтеріндегі полигондарда тазалықты сақтау, рұқсатсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу және экологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Айта кетейік, «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту. Осы міндет аясында экологиялық жобаларды жүзеге асыру, қалдықтарды тиімді басқару жүйесін қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар өңірлердің тұрақты дамуына негіз болуда.