Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМәдениетМемлекеттік бағдарламаРуханиятСаяси реформалар

АДАЛ АЗАМАТ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕГЕН «ШАБЫТ ШЫҢЫ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ТҮЛКІБАСТА ӨТТІ

Түлкібас ауданында өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған «Шабыт шыңы» өнер фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, өнер арқылы адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және отансүйгіштік қасиеттерін дәріптеуді мақсат еткен тағылымды шара көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады. Фестиваль «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан біртұтас тәрбие жұмыстарының маңызды бөлігі ретінде ұйымдастырылды.

Бүгінде «Адал азамат» тұжырымдамасы – жас ұрпақты тәрбиелеудегі басты бағыттардың бірі ретінде айқындалып отыр. Аталған тұжырымдама өскелең буынның бойында әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, ұлттық құндылықтарға құрмет, қоғамға қызмет ету секілді қасиеттерді қалыптастыруды көздейді. Осы бағытта ұйымдастырылған «Шабыт шыңы» фестивалі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамыту арқылы олардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік берді.

Аудан орталығындағы «Менің Түлкібасым» аллеясында өткен фестиваль аясында аудан мектептерінің оқушылары дайындаған қолөнер және сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір туындыдан оқушылардың ізденісі, шығармашылық ойлау қабілеті мен ұлттық өнерге деген қызығушылығы анық байқалды. Жас шеберлердің еңбегі көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, олардың өнерге деген құлшынысын арттыра түсті.

Көрмені аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев, аудан әкімінің орынбасары Бақдәуір Кәлмен және өзге де құрметті қонақтар арнайы аралап көрді. Қонақтар жас таланттардың жұмыстарына оң бағасын беріп, мұндай шаралардың жас буынды тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталды.

Фестивальдің негізгі кезеңі аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Ақпан айынан бастап аудан мектептерінде өткізілген іріктеу кезеңдерінде үздік деп танылған өнерпаздар аудандық кезеңде бақ сынады. Қатысушылар ән айту, би, көркемсөз оқу, аспапта орындау және өзге де жанрлар бойынша өнер көрсетіп, өз шеберліктерін паш етті.

Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы «Шабыт» жобасының құрамдас бөлігі болып табылады. Жоба Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Фестивальдің басты мақсаты – ел ішіндегі талантты балалар мен жасөспірімдерді анықтап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, сахна мәдениетін қалыптастыру және өнерге деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, жас дарындарды тәрбиелеп жүрген ұстаздарға қолдау көрсету де негізгі міндеттердің бірі саналады.

Мемлекет басшысы айқындап берген әділетті қоғам құру қағидаттарының негізінде адал әрі жауапты азамат қалыптастыру мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Осы ретте мәдени-рухани іс-шаралар жас буынның тұлғалық дамуына ықпал етіп, олардың бойында қоғамдық жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерін нығайтуға мүмкіндік береді. «Шабыт шыңы» фестивалі де осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде ерекшеленді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Асқар Естібаев фестивальдің тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды.

– Бұл фестиваль – тек өнер байқауы ғана емес, өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытатын маңызды тәрбие алаңы. Бүгін сахнада өнер көрсеткен әрбір жас – үлкен ізденіс пен қажырлы еңбектің жемісі. Осындай талантты балаларды тәрбиелеп жүрген ұстаздарға және перзенттерінің өнер жолында дамуына қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Жастарымыздың бойындағы өнер мен таланты ел болашағына қызмет ететін болады, – деді аудан басшысы.

Өнерпаздардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында Түркістан қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі Емен Саметов, облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының педагог-ұйымдастырушысы Бексұлтан Керімбек және М.Әуезов атындағы университетінің аға оқытушысы Салтанат Ағабекова болды. Қазылар қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетіне және шығармашылық ерекшеліктеріне баса назар аударды.

Фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған өнерпаздарға облыстық гала-концертке жолдамалар табысталды. Енді Түлкібас ауданының талантты жастары облыстық өнер фестивалінде өңір намысын қорғап, ауданның мәдени әлеуетін танытатын болады.

Осындай мазмұнды мәдени шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыру, ұлттық өнерге деген құрметті арттыру және шығармашыл, білімді, елжанды азамат тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.