Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларСпорт

ТҮРКІСТАНДА ТРИАТЛОННАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТІП, ЖЕРГІЛІКТІ СПОРТШЫЛАР ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

«Әділетті Қазақстан» реформасы аясында жастарға қолдау көрсету, өңірлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға ерекше басымдық берілуде. Осы мақсатта еліміздің барлық аймақтарында заманауи спорт кешендері салынып, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік жасалып келеді. Түркістан облысында да бұқаралық спортты дамыту, жастардың спортқа қызығушылығын арттыру және кәсіби спортшыларды қолдау бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Осы ретте Түркістан қаласында триатлоннан супер-спринт қашықтығы бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ел біріншілігі халықаралық талаптарға сай салынған, олимпиадалық стандартқа сәйкес келетін ескек есу арнасында өтті. Чемпионатқа Elite санаты мен U23, U19, U17, U15, U13 жас ерекшеліктері бойынша еліміздің үздік спортшылары қатысты.
Түркістан қаласындағы ескек есу каналы – Орта Азия аумағындағы бірегей спорт нысандарының бірі. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған кешен халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді және республикалық әрі халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Мұндай нысандардың салынуы өңірдің спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, жастардың спортқа қызығушылығын күшейтуге де ықпал етуде.
Биылғы ел чемпионатына Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Атырау, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстарынан, Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан 150-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс барысында еліміздің үздік триатлоншылары өзара бақ сынап, мықтылар анықталды.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту мен жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мұндай жарыстардың жас спортшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
9–10 мамыр күндеріне жоспарланған чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Түркістан облысының спортшылары жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, өңір қоржынына бірнеше медаль салды. Бұл жергілікті спорт мектептері мен жаттықтырушылардың жүйелі жұмысының нәтижесі екені атап өтілді.
Elite санатында ерлер арасында өнер көрсеткен Егор Крупяков қола медаль иеленсе, әйелдер арасында Надежда Бегмаганбетова да үздік үштіктен көрініп, қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар U23 жас санатында Даяна Карим қола медаль жеңіп алды.
Жасөспірімдер арасындағы жарыстарда да түркістандық спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. U19 санатында Матвей Шевнин күміс жүлдегер атанса, U17 жас ерекшелігінде Мұрат Әлхам күміс медаль иеленді. Осылайша жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша Түркістан облысының құрамасы 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер арнайы марапаттап, алғыс хаттар мен медальдар табыстады.
Мамандардың айтуынша, мұндай республикалық деңгейдегі жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинауына, кәсіби шеберлігін шыңдауына және халықаралық ареналарға шығуына үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде спорттық туризмді дамытуға және Түркістанның еліміздегі ірі спорт орталықтарының біріне айналуына ықпал етеді.
Бүгінде Түркістан облысында жастар спортына ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде жаңа спорт кешендері салынып, халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде ауыл және қала жастарының спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына және кәсіби спортқа бет бұруына жол ашуда.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы маусым айында Қытай мемлекетінде өтетін Азия чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – жас спортшылар үшін халықаралық тәжірибе жинап, ел намысын қорғауға берілетін маңызды мүмкіндік.
Рухани шаһар Түркістанда ұйымдастырылған ел чемпионаты 10 мамыр күні өз мәресіне жетеді. Мұндай ауқымды спорттық іс-шаралар өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып қана қоймай, жастарды қолдау мен бұқаралық спортты дамыту бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.