Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ВОЛОНТЕРЛІК ҚОЗҒАЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

«Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – патриотизм мен азаматтық белсенділікті дамыту, сондай-ақ еріктілік пен қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Бұл бағыт қоғамдағы өзара көмек пен жауапкершілікті арттыруға, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және ел дамуына үлес қосуына негізделген. Мемлекет тарапынан волонтерлік қызметті қолдау мен жастардың азаматтық бастамаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы (IVY 2026) деп жариялады. Бұл бастама волонтерлік қызметтің қоғамдағы рөлін күшейтуге, еріктілер қозғалысын жүйелі түрде қолдауға және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Аталған бастама аясында Түркістан облысында волонтерлік қозғалысты дамыту және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірде еріктілік мәдениетін қалыптастыруға, қоғамдық пайдалы істерге жастарды кеңінен тартуға және қайырымдылық қызметтерді жүйелеуге басымдық беріліп отыр.

Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Халықаралық волонтерлер жылы» аясында республикалық волонтерлер фронт-офисінің өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Жиын барысында өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, волонтерлік қозғалыстың қазіргі даму деңгейі, атқарылып жатқан жұмыстар және саланы одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында Ертай Кенжебекұлы Түркістан облысында волонтерлік қозғалыстың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңір жастары қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, төтенше жағдайлар кезінде де елмен бірге болып, азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлікті дамыту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Түркістан облысы – еліміздегі жастар ең көп шоғырланған өңірлердің бірі. Қазіргі таңда облыста 600 мыңнан астам жас бар. Өңір жастары елдегі төтенше жағдайлар кезінде, әлеуметтік және экологиялық акцияларда әрдайым белсенділік танытып келеді. Егер 2020 жылы облыстағы еріктілер саны 8 мыңға жуық болса, бүгінде бұл көрсеткіш 24 мыңға жетті. Бұл – жастардың қоғамдық белсенділігі артып келе жатқанының айқын көрінісі, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта волонтерлік ұйымдармен бірлескен жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Биыл республика көлемінде волонтерлік бағыт аясында бірнеше ірі жобалар мен іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, республикалық «ZHAS CAMP» лагері, «Asyl mura» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы, «Jas saq» этно-реалити шоуы, «Ясауи әлемі» квест сайысы және «Білімді жастар – ел ертеңі» атты жас көшбасшылар жобасы ұйымдастырылмақ. Қазіргі таңда аталған іс-шараларға дайындық жұмыстары басталып кеткен.

Өз кезегінде «Ұлттық волонтерлік желі» фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов волонтерлік қызметтің қоғамдағы маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде волонтерлік қозғалыс жаңа деңгейге көтеріліп, жүйелі түрде дамып келеді.

– Мемлекет басшысы Үкіметке 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын волонтерлікті дамыту жөніндегі жаңа стратегиялық құжат әзірлеуді тапсырды. Бұл құжат еріктілер қозғалысын халықаралық талаптарға сай дамытуға бағытталады. Біздің өңірлерді аралаудағы мақсатымыз – осы тұжырымдаманың негізгі бағыттарын жергілікті деңгейде пысықтау. Нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірленеді. Қазіргі таңда 12 әдістемелік нұсқаулық дайындалып, бекітілді. Бұл жұмыстар әртүрлі салаларда волонтерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, экологиялық бағытта арнайы дайындықтан өткен еріктілер тұрақты түрде қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады, – деді Айбек Досымбетов.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 149 волонтерлік ұйым ресми түрде тіркелген. Белсенді еріктілер саны 24 298 жасты құрайды. Сонымен қатар облыстық, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтары жанында және Ұлттық волонтерлік желінің фронт-офистері ретінде жалпы саны 36 ұйым жұмыс жүргізуде.

Өткен жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында өңірде 7 225 іс-шара өткізіліп, оған 625 280 жас қамтылған. Ал биыл жыл басынан бері 1991 іс-шара ұйымдастырылып, 193 559 жас қатысқан.

Жалпы соңғы алты жылда Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс айтарлықтай қарқын алып, қоғамның маңызды бөлігіне айналды. Егер 2020 жылы елімізде 50 мыңға жуық волонтер болса, бүгінде олардың саны 300 мың адамға жеткен. Сонымен қатар қоғамдық пайдалы жұмыстармен айналысатын ұйымдар саны 800-ден асты.

Мұның барлығы «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жастардың патриоттық рухын көтеруге, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғамда еріктілік мәдениетін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.