«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елімізде өңірлік экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар өндіріс орындарын көбейтіп, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беруде. Осы бағытта Түркістан облысында мақта-тоқыма саласын дамытуға арналған ауқымды инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Бүгінде Түркістан облысында мақта-тоқыма өндірісі қарқын алып, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті арта түсті. Аймақта шикізатты терең өңдеуге негізделген толық өндірістік цикл қалыптасуда. Яғни мақта өсіруден бастап, оны өңдеу, жіп иіру, мата тоқу, тігін және дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезең бір жүйеге біріктірілген. Нәтижесінде өңірде қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік жасалып отыр. Жалпы жобаға 86 млрд теңге инвестиция тартылған.
Түркістан облысында мақта өсіру және тоқыма кластерін қалыптастыруға арналған инвестициялық жоба табысты жүзеге асуда. Әсіресе су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы саласының тиімділігі айтарлықтай артқан. Соңғы жылдары мақта алқаптарына заманауи тамшылатып суару жүйесі кеңінен енгізіліп келеді. Бұл әдіс суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Мәселен, Отырар ауданында өткен жылы 32 мың гектар жерге мақта тамшылатып суару әдісімен егілсе, биыл оның көлемін 52 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Заманауи технологияларды пайдалану нәтижесінде өнімділік те артқан. Шаруашылықтар өткен күзде әр гектардан 60 центнерге дейін өнім алып, жалпы көлемі 34 мың тонна мақта жинаған. Жиналған өнім өңделіп, дайын өндірістік шикізатқа айналдырылуда.
Өндірістік кешендегі зауыттардың бірі тәулігіне 185 тонна мақта өңдейді. Мұнда мақта арнайы технология арқылы тазартылып, талшығы, дәні және қалдықтары бөлек өңделеді. Сонымен қатар тәулігіне 700 тоннаға жуық мақта дәні өндіріліп, ол да қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл өндіріс орындары ауыл шаруашылығы өнімдерін толық кәдеге жаратып, экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік беруде.
Көпсалалы кешен аумағында инфрақұрылымдық жобалар да қатар дамып келеді. Жылына 50 мың гектар егіс алқабын тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз ететін өндіріс орны іске қосылған. Сондай-ақ 30 мың гектар жерді суару, реттеу және бақылау үдерісі толық автоматтандырылған. Бұл өз кезегінде цифрлық технологияларды ауыл шаруашылығына енгізудің нақты көрінісі болып отыр. Қазіргі таңда екі зауытта 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өңірге тартылған шетелдік инвестиция көлемі де артып келеді. Қытайлық компания Түркістан облысында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіретін ірі мақта агроөнеркәсіптік кешенін іске қосты. Жоба аясында жіп иіру, мата тоқу, тігін және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын бірнеше өндірістік цех кезең-кезеңімен жұмысын бастайды. Мұнда мақта талшығынан түрлі сападағы жіп түрлері өндірілуде.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, өндіріс көлемі ай сайын артып келеді. Қазіргі таңда зауытта айына шамамен 300 тонна жіп өндірілсе, жуырда жіңішке жіп өндіру желісі де іске қосылған. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде 100 тоннаға жуық өнім алынған. Алдағы уақытта жұмысшылар саны толыққан жағдайда өндіріс көлемін 2-3 есеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Инвесторлар өндірістің дамуына қажетті негізгі мәселелердің бірі – білікті маман тапшылығы екенін айтады. Осыған байланысты жергілікті колледж түлектерін жұмысқа тарту және арнайы мамандар даярлау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпорындарда тегін оқыту бағдарламалары енгізіліп, гранттар бөлу жоспарланған.
Жоба инвесторларының мәліметінше, биыл мамыр айынан бастап кәсіпорындарда 47 млн шаршы метр мата, 2 млн дана төсек-орын жабдықтары және 4 млн көрпе шығарылады. Өңірде өндірілген мақтаның 80 пайызы Түркия, Қытай, Өзбекстан және Еуропа елдеріне экспортталады. Ал қалған бөлігі облыс аумағында терең өңделіп, дайын өнім ретінде нарыққа шығарылады.
Жалпы инвестициялық жоба аясында Отырар ауданы мен Түркістан қаласында 14 зауыт ашу жоспарланған. Қазіргі таңда оның төртеуі жұмысын бастап кеткен. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды дамытуға және Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
