Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

САЙРАМ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС ҚАРҚЫНЫ АРТЫП, ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ДАМУДА

Бүгінде өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, өндіріс орындарын көбейту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. «Әділетті Қазақстан» реформасы аясында шағын және орта бизнесті қолдау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта Түркістан облысында да жаңа өндіріс орындары іске қосылып, кәсіпкерлік саласының қарқыны артып келеді.
Осы орайда бүгін Сайрам ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Тур барысында журналистер ауданда жүзеге асырылып жатқан бірқатар өндірістік және инвестициялық жобалардың жұмысымен танысып, шағын және орта бизнестің даму барысына куә болды.
Алдымен БАҚ өкілдері Ақсу ауылында орналасқан майлықтар мен жөргектер өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты. Аталған жоба «Capable Group мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі тарапынан 2025 жылы іске қосылған. Бүгінде өндіріс орны жылына 60 млн дана дымқыл майлық шығаруға қауқарлы. Сонымен қатар кәсіпорында балаларға арналған жөргектің айына 50 млн данасы өндіріледі.
Кәсіпорында қазіргі таңда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімдер ішкі нарықпен қатар Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне экспортталуда. Бұл өз кезегінде отандық өндірістің экспорттық әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына серпін беруде.
Пресс-тур барысында журналистер «Tayiba» ЖШС-нің сүт өнімдерін өндіру зауытына да барды. Кәсіпорын 2024 жылдың маусым айында іске қосылған. Бүгінде мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Зауыт тәулігіне 50 тоннаға дейін қаймақ, айран, құрт және өзге де сүт өнімдерін өндіреді.
Аталған өндіріс орны ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар жергілікті шикізатты тиімді пайдалану арқылы кәсіпорын өңірдегі агроөнеркәсіп саласының дамуына оң ықпал етуде.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері «Aqua Alba» ЖШС-нің оңалту-сауықтыру кешенінде болды. Жоба 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосылған. Кешен денсаулық сақтау және сауықтыру саласын дамытуға бағытталған. Бүгінде мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Заманауи кешен тәулігіне 150 адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігіне ие.
Тур аясында Ақсукент ауылындағы «Наурыз–5» ЖШС-нің жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу зауыты да таныстырылды. Бұл агроөнеркәсіп саласы бойынша жүзеге асқан ірі инвестициялық жобалардың бірі саналады. Жоба 2023 жылдың қыркүйек айында іске қосылған.
Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды. Өндіріс орнында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт жылына 2400 тонна дайын өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда томат пастасы, кетчуп және жеміс шырындарының 60-қа жуық түрі шығарылады. Өндірісте Түркия мемлекетінің заманауи технологиялары мен құрал-жабдықтары қолданылуда.
Сонымен қатар тілшілер Көлкент ауылдық округіндегі «Абдирасулов» ЖК-нің метал өнімдерін өндіру зауытының құрылысымен танысты. Кәсіпорын ғимарат қабырғалары мен шатырларына арналған метал өнімдерін шығаруға бағытталған. Қазіргі таңда нысан құрылысының 90 пайызы аяқталып, іске қосуға қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба толық іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Кәсіпорын жылына 8 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Өндірілген өнімдер негізінен ішкі нарыққа бағытталады. Бұл құрылыс саласына қажетті сапалы отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай инвестициялық және өндірістік жобалар өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және шағын әрі орта бизнестің нығаюына айтарлықтай үлес қосуда. Бұл жұмыстар «Әділетті Қазақстан» реформасының өңірлік даму, инфрақұрылымды жаңғырту және кәсіпкерлікті қолдау бағыттарымен толық үндеседі.