Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау, өңірлік дамуды жандандыру және инфрақұрылымды жетілдіру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Осы бағытта ауыл шаруашылығын дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Осыған сәйкес, Түлкібас ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқын алып, диқандар егіс науқанын толық көлемде жүргізіп отыр. «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген қағиданы берік ұстанған шаруалар бүгінгі күнге дейін жалпы 64 мың гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал азықтық өнімдерді егіп үлгерген. Оның ішінде 50 мың гектардан астам жерге көктемгі егіс жұмыстары жүргізілсе, 14 мың гектардан астам алқапқа өткен жылы күздік бидай себілген.
Ауданның егіс құрылымы ауыл шаруашылығының әртараптандырылғанын көрсетеді. Атап айтқанда, 15 680 гектарға бидай, 6 800 гектарға арпа, 11 000 гектарға майлы дақылдар, 28 500 гектарға мал азықтық дақылдар егілген. Сонымен қатар, 1 200 гектарға картоп, 1 500 гектарға көкөніс дақылдары орналастырылып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы негізгі салалардың бірі екенін айқындайды. Егістік жерлерді тиімді игеру арқылы тек өнім көлемін арттыру ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлерде шағын және орта бизнестің дамуына жол ашылып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді.
Аталған мәселелер аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында кеңінен қаралды. Жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Еркебаев «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы жөнінде баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Бағдарлама аясында жоспарланған 10 жобаның 3-еуі жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыруға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта тағы 4 жобаны қаржыландыру жоспарланып, ауылдық жерлерде өндірістік әлеуетті арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасалмақ.
Бұл бастамалар ауыл экономикасын әртараптандыруға, өңірлік дамуды күшейтуге және инфрақұрылымдық әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бейімделуіне және өз ісін ашуына қолдау көрсетеді.
Жиында әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. «Д» және «Е» санатындағы отбасыларды қолдау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік әл-ауқатты арттыру бағытындағы шаралар талқыланды. Биыл аудан бойынша 3665 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған болса, қазіргі таңда 1244 азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетіліп, 396 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Әсіресе ауылдық жерлерде жұмыспен қамту деңгейін арттыру – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады.
Жиын қорытындысында аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың кейбір бағыттарына сын-ескертпелер айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалану, шаруаларды қолдау, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету басты назарға алынды.
Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту, ауылішілік жолдарды жақсарту, су жүйелерін жаңғырту және тазалық мәселелерін күшейту қажеттігі де атап өтілді. Аудан басшысы әрбір тапсырманың орындалуы нақты нәтиже беруі тиіс екенін айтып, жауапты тұлғаларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.
Жалпы, Түлкібас ауданында егін шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі қағидаттарымен үндесіп, өңірдің тұрақты экономикалық дамуына серпін беріп отыр.
