Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларЭкономика

АҚБИІК АУЫЛЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру болып табылады. Осы бағыт аясында ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және ауыл экономикасын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында қолға алынып жатқан тың жобалар өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Бүгінде ауданда кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның бірі – Ақбиік ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан балық шаруашылығы жобалары. Форель балығын өсіруге бағытталған бастамалар ауыл шаруашылығының жаңа бағытын дамытуға серпін беріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңірдің өндірістік мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етуде.
Аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев округтерді аралау барысында Ақбиік ауылдық округіне барып, балық шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Сапар барысында форель өсіруге бағытталған бірнеше жобаның жүзеге асырылып жатқаны белгілі болды.
Алдымен аудан басшылығы кәсіпкер Жанарыс Тәңкішовтың жұмысымен танысты. Кәсіпкер өзіне тиесілі 1,5 гектар жер телімінде форель балығын өсіру жобасын жүзеге асыруда. Қазіргі таңда арнайы қазаншұңқырлар қазылып, бетондау және қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылуда.
Кәсіпкердің айтуынша, жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында алынған жеңілдетілген несие арқылы қолға алынған. Мемлекеттік қолдау кәсіпті бастауға және қажетті құрал-жабдықтарды алуға мүмкіндік берген. Алдағы уақытта арнайы дайындалған тоғандарға 15 мың форель шабағы жіберіліп, жылына 6–7 тоннаға дейін өнім өндіру жоспарланып отыр.
Форель балығын өсіру – табысты әрі болашағы зор кәсіптің бірі саналады. Мамандардың айтуынша, табиғи таза су көздері бар аймақтарда бұл бағытты дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Ақбиік ауылдық округінің табиғи ерекшеліктері де балық шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
Кәсіпкердің жұмысымен танысқан аудан әкімі мемлекет тарапынан ұсынылған қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, балық шаруашылығын тұрақты табыс көзіне айналдыру маңызды екенін жеткізді.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы «Тау форель» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің де жұмысымен танысты. Аталған кооператив те «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, қазіргі таңда инкубациялық цех жұмысын іске қосқан.
Бүгінде кооператив құрамында 15 азамат бар. Қазіргі уақытта оның 6-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруашылықтағы инкубациялық цехта 100 мың шабақ пен 100 мың уылдырық өсірілуде. Сонымен қатар сыртқы бассейндерде 30 мыңға жуық форель балығы өсіріліп жатыр. Жалпы балық өсіруге арналған 23 арнайы бассейн дайындалған.
Шаруашылықта су көзі ретінде табиғи бұлақ суы пайдаланылуда. Бұл форель балығының сапалы әрі табиғи ортаға жақын жағдайда өсірілуіне мүмкіндік береді. Таза әрі салқын су форель өсіруде маңызды факторлардың бірі болып саналады.
Қазіргі таңда кооператив толық өндірістік цикл жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Яғни уылдырықтан бастап шабақ өсіру, оны тауарлы балық ретінде дайындау, өңдеу және нарыққа шығару кезеңдері толық қамтылмақ. Алдағы уақытта кәсіпорын балық өнімдерін өңдеп, кептірілген өнім түрінде саудаға шығаруды да көздеп отыр.
Мұндай жобалар өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік жасайды. Ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуы өңір экономикасының нығаюына және әлеуметтік жағдайдың жақсаруына оң әсер етеді.
Сапар барысында аудан басшысы округте жаңадан қолға алынған тағы бір балық шаруашылығы жобасымен танысты. Кәсіпкер Балқыбек Үсібалиев 1,2 гектар жерге 8 арнайы тоған қазып, оларға 15 мың форель шабағын жіберген.
Аудан әкімі кәсіпкердің жұмысын оң бағалап, алдағы уақытта шаруашылықты жүйелі түрде дамытып, өндіріс көлемін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы ұсынылатын жеңілдетілген несие мен қолдау тетіктерін тиімді пайдалану маңызды екенін жеткізді.
Жалпы, Ақбиік ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан балық шаруашылығы жобалары ауыл экономикасын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Мұндай жобалар кәсіпкерлікті қолдап қана қоймай, ауылдық аумақтардың өндірістік әлеуетін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.