Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

Адал азамат – ел тірегі: Жас сарбаздар патриоттық рухта тәрбиеленуде

«Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі өзегі — патриотизмді қалыптастыру, жастардың бойындағы азаматтық белсенділікті арттыру және отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу. Осы мақсатта 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Түркістан қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінде жас сарбаздардың қатысуымен маңызды рухани-танымдық кездесу өтті. «Адалдық – өмірдің алтын қағидасы» тақырыбында ұйымдастырылған жиын жастарды елжандылыққа тәрбиелеудің тағылымды алаңына айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын жас ұрпақтың бойына сіңіру — бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің бастамасымен өткен бұл шара сарбаздарға рухани күш беріп, олардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталды. Жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіндіру мәселелері кеңінен қозғалды.

Кездесудің басты мақсаты — әскери қызмет атқарып жүрген жастардың бойында адалдық, әділдік, тәртіп пен жауапкершілік секілді қасиеттерді нығайту болды. Іс-шара барысында қатысушылар тәуелсіз елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында қызмет етудің зор мәртебе екенін атап өтіп, сарбаздарға ел сенімін ақтау — үлкен азаматтық парыз екенін жеткізді.

Рухани тәрбие: адалдық пен салауаттылық — басты қағида

Кездесуде қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен сала мамандары жастармен ашық сұхбат құрып, адал азамат болудың негізгі ұстанымдары жайында ой бөлісті. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов өз сөзінде адалдық ұғымының қоғам тұрақтылығы үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, әділдік пен жауапкершілік салтанат құрған қоғамда тәртіп те, даму да болады. Ол сарбаздарды заңды құрметтеуге, ел мүддесіне қызмет етуге және кез келген жағдайда адамгершілік қағидаларынан аттамауға шақырды.

Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова отбасы тәрбиесінің маңызына ерекше тоқталды. Ол әрбір азаматтың тәрбиесі шаңырақтан басталатынын айтып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеді. Сонымен қатар қазіргі қоғамдағы түрлі зиянды әрекеттер мен жат әдеттердің алдын алуда отбасы мен тәрбие институтының рөлі зор екенін жеткізді. Оның пікірінше, дені сау, тәрбиелі әрі білімді ұрпақ — мемлекеттің басты байлығы.

Жиын барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Полиция департаментінің өкілдері жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция подполковнигі Жанар Қалабаева отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамға тигізер кері әсерін атап өтіп, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін құқықтық сауаттылық пен өзара сыйластық маңызды екенін айтты.

Ал полиция майоры Марат Бимаханов есірткі қылмысының қоғам үшін аса қауіпті індетке айналып отырғанын жеткізіп, оның жастар өміріне тигізер зияны жөнінде нақты мысалдар келтірді. Ол сарбаздарды теріс әрекеттерден аулақ болып, саналы өмір салтын таңдауға шақырды. Жастар үшін мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екені айтылып, құқықтық сауаттылықты арттыру — уақыт талабы екені атап өтілді.

Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева өз сөзінде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Ол тазалық сақтау тек қоршаған ортаға жанашырлық қана емес, бұл — азаматтық мәдениеттің көрсеткіші екенін айтты. Қоғамдық орындарды таза ұстау, тәртіпті сақтау және туған жерге жанашырлықпен қарау — әрбір азаматтың міндеті екені түсіндірілді.

Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, сарбаздар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Әсіресе жастар арасында әскери қызметтің маңызы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сарбаздардың рөлі және қазіргі қоғамдағы азаматтық жауапкершілік мәселелері төңірегінде кең пікір алмасу болды. Сарбаздар өз ойларын еркін айтып, ел болашағына қатысты көзқарастарын ортаға салды.

Іс-шара барысында ұлттық рухты көтеретін тағылымды әңгімелер айтылып, ел қорғаған батырлар мен ардагерлердің ерлігі үлгі ретінде насихатталды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жас буынның рухани дамуына оң әсер етіп, олардың бойында патриоттық сезімді күшейтетінін атап өтті. Сонымен қатар жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға, ел дамуына үлес қосуға шақырды.

Шара соңында патриоттық әндер шырқалып, әскери бөлім сарбаздарына ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жастар елге қызмет етудің маңызын терең сезініп, Отан алдындағы жауапкершіліктің қадірін ұғынды. Бұл кездесу тек мерекелік жиын ғана емес, жас сарбаздардың рухын көтеріп, олардың азаматтық ұстанымын нығайтқан маңызды тәрбиелік шара ретінде есте қалды. Кездесу соңында қатысушылар ел тыныштығы мен бірлігін сақтау жолында әр азаматтың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтіп, жастарға сәттілік тіледі, береке тіледі.