Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Хантағы ауылындағы бірқатар маңызды инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысымен танысты.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» бағдарламасының ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағыты аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың бірі. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, көлік қатынасын қолайлы ету және қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру – жергілікті биліктің басты назарындағы мәселелердің қатарында.
Қала әкімі сапар барысында аудандық маңызы бар Хантағы–Қаратау бағытындағы көпірдің реконструкциялау жұмыстарына арнайы тоқталды. Аталған көпір ауыл тұрғындарының күнделікті қатынасы үшін маңызды нысан саналады. Сонымен қатар, бұл жол арқылы жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникалары тұрақты қатынайтындықтан, көпірдің сапасы мен беріктігі ерекше маңызға ие.
Жоба аясында ұзындығы 54,2 метрді, ені 6 метрді құрайтын жаңа көпір салынуда. Нысан тек көлік қозғалысына ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де бейімделіп жобаланған. Құрылыс барысында көпірмен бірге 200 метр жол жабыны толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастырылмақ. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған арнайы аяқжол салынып, көше жарықтандыру жүйесі орнатылады. Бұл әсіресе кешкі уақытта тұрғындардың қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік береді.
Мердігер мекемелер қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес жүргізуде. Қала басшысы құрылыс қарқынын бақылап әр кезеңнің сапалы орындалуына ерекше назар аударды. Нысан 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланғанымен жауапты мамандар жұмысты мүмкіндігінше жедел әрі сапалы аяқтауға күш салып жатқанын жеткізді.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары тек көпір құрылысымен шектелмейді. Хантағы ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағдарлама ауылдардың келбетін жаңартып тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Соңғы жылдары мекендердегі жол сапасын арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді.
Өткен жылы ауылдағы Торлан көшесіне толықтай асфальт төселіп пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде тұрғындардың қатынауы жеңілдеп, көлік қозғалысы реттеле түсті. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып отыр. Атап айтқанда, Назаров, Қаратау және Иманов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта жолдың негізін дайындау, топырақ қабатын тегістеу, инертті материалдар төсеу және техникалық нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес, аталған көшелердегі құрылыс жұмыстары шілде айының соңына дейін толық аяқталып, тұрғындар игілігіне беріледі деп күтілуде. Жаңартылған көшелер ауылішілік қатынасты жақсартып қана қоймай, жедел жәрдем, өрт сөндіру және коммуналдық қызметтердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Жандос Тасов мердігер мекемелерге жұмыстың сапасы мен мерзіміне қатысты нақты талаптар қойды. Әкімнің айтуынша, инфрақұрылымдық жобалардың сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан әрбір жол мен көпір ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет етуі тиіс.
Қала басшысы құрылыс барысында қолданылатын материалдардың сапасы мен техникалық талаптарға сәйкестігі тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Арнайы сала мамандары нысандарды кезең-кезеңімен тексеріп барлық жұмыстардың бекітілген стандарттарға сай орындалуын қадағалайды. Сонымен қатар, мердігерлерге жұмысты мерзімінен кешіктірмей, жауапкершілікпен атқару тапсырылды.
Хантағы ауылындағы жол және көпір құрылысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жобалардың бірі. Заманауи инфрақұрылым ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеңілдетуге, кәсіпкерлікті дамытуға және елді мекеннің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да ауыл аумағында кезең-кезеңімен жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
